Кеңес одағы осы адамның өзін де, әйелін де жұмысқа алмай әбден қинаған
Ақтөбе қалалық соты 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан осы қаланың тұрғынын арада 39 жыл өткенде ақтап шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтөбе облыстың сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл азамат 1986 жылы көп жастармен бірге алаңға барған. Кеңес одағының полициясы оған айып тақпастан ұстап әкеткен. Арада 39 жыл өткенде ол 2025 жылы сотқа жүгініп, өзін саяси қуғын-сүргін құрбаны деп тануды талап еткен.
«Ол 1984 жылы Гурьев облыстық партия комитеті мен Мақат локомотив депосы кәсіподақ комитетінің жолдамасымен Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне оқуға түседі. 1985 жылы осы университеттің философия және экономика факультетінің студенті атанған. Алайда, оны 1986 жылы қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен университеттің екінші курсынан шығарған. Оның оқудан шығарылуына 1986 жылы 18 желтоқсанда Желтоқсан оқиғасына қатысты деген күдікпен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айып тағусыз ұсталуы себеп болған», - деп хабарлайды сот тарихы баяндай отырып.
Азамат түрмеге түспей босап шыққанымен, өзі де, отбасы да қуғынға ұшыраған. Тоқсаныншы жылдары үш кішкентай баласы бар азамат оларды асырау үшін жұмысқа тұра алмай, қатты қиналған.
«Сол кездегі студент КОКП қатарынан қуылып, қуғын-сүргінге ұшырап, жұмысқа тұра алмаған. Сол университеттің философия факультетін бітірген оның әйелі де осындай себептермен жұмысқа орналаса алмай, түрлі кедергілерге кездескен. 1990–1993 жылдары үш кішкентай баласы бар отбасы баспана жалдап, әлеуметтік жағынан осал жағдайға тап болған», - деп жазады сот.
2025 жылы 64 жасында бұл азамат 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандықтан, өзін саяси қуғын-сүргін фактісін тану туралы сотқа талап қойған.
«Ақтөбе қалалық №3 соты істі зерттей келе, арызданушының шынымен де 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқанын және саяси қудалауға, оның ішінде еңбек құқықтарын шектеуге ұшырағанын анықтаған. Бұл мән-жайлар университет пен Алматы қалалық прокуратурасының архивтік анықтамаларымен, сондай-ақ куәлердің айғақтарымен расталған», - деп хабарлайды сот.
Қолданыстағы заң бойынша және «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның 2-бабын басшылыққа ала отырып, сот азаматты Желтоқсан оқиғасының саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды.
Соттың шешімі заңды күшіне енді.