Инфляция үдеп барады: Қазақстанда қандай тауарлар қымбаттап жатыр

Автор: Нұргүл Абай

Тауарлар мен қызметтер бағасы тағы өскен

Фото: freepik.com

Қазақстанда мамыр айында жылдық инфляция жеделдеп, 11,3 пайызға жетті. Сәуір айында 10,7% болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық банктің ақпаратынша, жылдық инфляция 16 өңірде үдеген, 3 өңірде баяулап, 1 өңірде бұрынғы деңгейде сақталған. Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні – 13,0% Алматы қаласында тіркеліп отыр.

«Мамырда азық-түлік бағасы жылдық мәнде 9,6%-ға дейін жеделдеді (сәуірде – 8,5%). Осы топқа жататын тауарлар бағасы Ақмола облысында (11,4%) ең жоғары, ал Алматы қаласында (8,0%) төмен өсім көрсетті. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы жылдық мәнде 9,0%-ға дейін (сәуірде – 8,9%) өскен. Ең жоғары мән Түркістан облысында (14,2%), ең төменгі Павлодар облысында (5,4%) тіркелді», - делінген хабарламада.

Өткен айда ақылы қызметтердің бағасы жылдық мәнде 16 пайызға дейін (сәуірде – 15,7%) өскен. Алматы қаласында баға (22,5%)  жалпы республикалық деңгейден жоғары, Алматы облысында айтарлықтай төмен өсім (11,3%) байқалып отыр.

Қазақстанда мамырда айлық инфляция 0,9%-ға үдеді, деп атап өтті Ұлттық банк.