Қазір осы екі елде 351 қазақстандық бар
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы шиеленістен кейін өз азаматтарына елге оралуға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, қолда бар ақпарат бойынша Иранда 132 қазақстандық, ал Израильде 219 отандасымыз жүр. Қазақстандық дипломаттар олармен үнемі байланыста.
«Иран мен Израильде жүрген Қазақстан азаматтарына аса қажеттілік болмаса тұрып жатқан жерлерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын сақтап, жаңалықтарды назарда ұстауды, жергілікті биліктің талаптарын орындап, Қазақстанның елшіліктерімен байланыста болуды сұраймыз», - деді Смадияров БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Сыртқы істер министрлігі өткен демалыста ондаған отандасымызға Ираннан шығуға көмектескен.
«14 маусымда Иранда қызмет бабымен жүрген алты қазақстандыққа Әзербайжан арқылы елге оралуға көмек көрсетілді. 15 маусымда Қазақстанның 68 азаматын Ираннан Түрікменстанға шығардық. Олардың арасында дипломаттардың жақындары, Қазақстаннан барған Экономикалық ынтымақтастық ұйымы хатшылығының қызметкерлері және қызметтік іссапарда жүрген адамдар бар. Отандастарымыз жақын арада елге оралады деп үміттенеміз. Ал Қазақстанның Ирандағы шетелдік мекемесінің қызметкерлері штатты режимде жұмыс істеп жатыр», - деді ол.
Естеріңізге салайық, 13 маусым күні түнде Израиль әскери-әуе күштері Иран аумағына әуе соққысын жасады. Тегеран қаласында жарылыстардың дауысы естілді. Көп ұзамай Иран да шабуылға көшті.