«Тауларды бағындыруға хайп кедергі болмауы керек» - Мұхтар Тайжан

Автор: Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, Іле Алатауы ұлттық паркінде экотуризмді дамыту жөніндегі жоба қарапайым халыққа тауға баруға жол ашады

Бүгін Іле Алатауы ұлттық паркінде экотуризмді дамыту жөніндегі жобаның таныстырылымы өтті. Жобаны инвестор Александр Гужавин таныстырып, бизнес пен туризм өкілдерінің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Соңғы кездері бізге Президент, Үкімет немесе Парламент емес, хайп басшылық ететін тәрізді. Барлығымыз бір жаққа бұра тартып жүрміз. Онымыз дұрыс бағыт болмай қалса, келесі жаққа бұрыламыз. Кривошеевтің постынан карантин кезінде Іле Алатауын жоғалтып алғанымызды білдім. Сол жерде Экология министрі Мырзағалиевпен хат жазыстым. Ол іссапарда жүр екен. Келесі күні оған кіріп, жағдайдың мүлде олай емес екенін білдім. Содан кейін Гужавин мырзаның екі сұхбатын көріп, мән-жайды түсіндім. Бұл - мен армандап жүрген, туристік инфрақұрылым салынатын, сөйтіп, қарапайым халықтың тауға баруына жол ашатын жоба екен», - деді Мұхтар Тайжан.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде тауға қалтасында ақшасы барлар ғана бара алады. 

«Олар Шымбұлаққа да, Ақбұлаққа да бара алады. Ақшасы жоқтар тауға келуін келеді, бірақ жолдың жиегіне көлігін қояды да, бұтаның түбіне барып жайғасып, дастархан жаяды. Тамағын ішіп, қайтады. Қазіргі туризміміздің сықпыты осындай. Бірақ кейбіріміз шетелге барғанда тауға сапарлаудың қандай болатынын, бәрі жабдықталған, жүретін жолдар, мәдени орындар, сапарлау орталықтары болуы тиістігін білеміз. Мен қай жерде тұрғанымызды, қайда баратынымды, қайда оралатынымды білуім керек қой. Егер түнегім келсе, шағын қонақүй болуы керек. Қоқыс шығаратын орын, әжетхана болуы керек. Егер біз осы инфрақұрылымды жасайтын болсақ, қымбат демалысқа шамасы келмейтіндерге тауға жол ашар едік. Бұл аса маңызды. Жастар Қырғызстанға емес, осы жерге келіп демалар еді. Гужавин мырзамен екі күнгі сұхбаттан кейін мен ресейлік азаматтың бұл әрекетінің соңы не болар екен деп қорыққан да едім. Сөйтсем, ол Шымкенттің тумасы, ал жеңгей қазақ екен. Қыздары Динара міне отыр. Кейбір адамдар ақшаны Қазақстаннан қандай да бір жолмен әкетіп жатқанда, ол қаржысын осы тауға салып отыр екен. Бұл менің де жерім деп отыр. Мұны естіп, жаным сүйсінді», - дейді ол.

Жобаны қаржыландыру туралы мәселе де жауапсыз қалмады. Гужавиннің айтуынша, жалпы жобаға салынған инвестициялық қаражат 12 млрд теңгені құрайды.