Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген «гастарбайтерлер» саны бойынша қазақтар 6-орында
8 тамызда кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев псевдотәуелсіз телеарналардың бірінен «Кореяда комедия түсіремін» деп айды аспанға шығарды. Сыртқы істер министрлігінің визасыз режим енгізілгеннен бері жылына екі-үш рет «urgent news» жанрында қазақстандық қаражұмысшылардың қаншасы (7) қайтыс болғаны, қаншасы түрмеде отырғаны (4), қаншасы қашып жүргені (12 000) туралы берген мәліметтері комедия емес трагедияның, тым болмағанда драманың сценарийіне жақсы материал болатын еді. Сондықтан, дәл осы жолы, дәл осы жылы фильм түсіру міндет болса, Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахскийінен» гөрі, Сергей Дворцевойдың «Айкасы» жанры жағынан да, мазмұны бойынша да екі ел арасындағы көңіл-күйді шынайы көрсететін еді.
Ал үй алғысы келетін, үйленгісі келетін, несиесін жапқысы келетін жұмыссыз топ Кореяның тексерісінен өту үшін не спортшы, не фанат, не олигарх образын сомдайды. Ара-тұра, Қазақстандағы, не Өзбекстандағы этникалық корей азаматтарымен «фейк отбасын» құрып, бес жылға виза алатындар да кездеседі. Мәселен, шымкенттік азаматтардың арасында бір айда төрт рет Корея еліне қонақ болып, өзіне бір бөлмелі пәтер сатып алған адам бар.
Корейлер заңсыз жүрген қара жұмысшыны «пульпом» немесе «вегугин» дейді. Биыл олардың саны үш жүз отыз мыңға жетіпті. Парадтың алды қытайлықтарға, тайлықтарға, вьетнамдықтарға, өзбектер мен қырғыздарға тиесілі. Заңсыз еңбек бәсекесінде біз ресейліктерден озып, алтыншы орын алыппыз. Ер азаматтар көп жағдайда құрылыста, әйелдер зауыт пен егістікте еңбек етеді. Алайда, алатын табысында жиырма, отыз пайыз айырмашылық бар. Оның гендерлік саясатқа қатысы жоқ, себебі ауыр жұмыс алаңында қара күші бар адамның қаражаты да қомақты болады.
Алматыдағы «жетім бұрыштың» аналогы ол жақта «арбайт» деп аталады. Қазір Таразда тұратын жиырма бес жастағы Әсем жарты жыл «Арбайтта» жүргенде, күніне отыз мың, айына сегіз жүз мың теңге тапқанын айтты. Егістікте жұмыс істесең, табысың бес мың теңгеге кемиді екен. Жұмыс кестесі таңғы сегізден басталып, кешкі беске дейін жалғасады. Егер қосымша үш сағат қалатын болсаңыз, жалақыға отыз пайыз үстеме қосылады. Оның айтуынша, Кореяның Қазақстаннан басты айырмашылығы, жергілікті халық еңбек мигранттарынан бес-алты есе көбірек жалақы алады. Бір айлық орташа табыс - шамамен бес миллион теңге. Көпшілігі өз мамандықтары бойынша, жоғары білімдерімен қызмет істейді.
Әңгімеміздің әлқиссасы Қоянбаевпен басталып, «Айкаға» екпін қойылып еді ғой. Әсем есімді кейіпкеріміздің Кореяда басынан кешкен оқиғалары фильмдегі мигрант қыздың сергелдеңіне ұқсайды. Ол кезінде қауіпті ісік ауруына шалдыққан ағасын емдету үшін бес миллион теңге несие алыпты. Ем-домға жететін қаражатты толық жинап біткенде, ағасы дүниеден озған. Қарыз қысқандықтан, араға екі ай салып Кореяға келеді. Жарты жыл ішінде бес жерде жұмыс істепті. Аяғын сындырып алған кезде қысқарып қалудан қорқып, егістікте жүре бергенін қазір күліп еске алады. Шетелде жарты жыл ауыр жұмыс істеген Жанар есімді кейіпкеріміз де еш өкінбейді. Бүгінде қарыздарынан құтылып, артылған ақшаға Тараздан дүкен ашып алыпты.
Кореяда гастарбайтер мен жергілікті халықтың қарым-қатынасы заңмен реттелген. Ұнамаған адамыңды жағасынан алып, қожайын екеніңді білдіріп қоқаң көрсете алмайсың. Жұдырығың түгіл, шапалағың тисе, 50 мың $ көлемінде айыппұл төлеуің керек. Алайда, барлық елдегі жергілікті халықтар сияқты кореялықтар да заңсыз мигранттарға қырын қарайды.
Былтыр Өзбекстан Корея үкіметімен келісімге келіп, төрт жүз мигрантқа еңбек визасын жасап берген. Биыл сәуірдің жиырма екісінде Корея мен Қазақстан басшылары елордада кездескенде, Тоқаев мырза екі ел арасындағы еңбек визасын шешіп береді деп үміттенген қазақстандықтар көп болды. Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапарымен келген Мун Чжэ Инмен кездесуін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев инстаграм желісіндегі ресми парақшасына салғанда, жазба астындағы пікірлердің дені «Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге мүмкіндік жасау» болған еді. Алайда, жиырма төрт беттен тұратын екі президенттің мәлімдемесінде бес жылға созылған проблема жайында бірде-бір сөз айтылмаған. Әрине, Тәжікстан, Өзбекстанның ізімен мұнайлы мемлекет Қазақстанның да азаматтары сырт елде гастарбайтер болып жүргенін мойындау халыққа да, билікке де оңай соқпайтыны анық.
Қазақстандық мигранттардың Кореяда қалып кетпейтіні анық. Үй алатын, қарызын жабатын қор жинап болған соң, елге қайтады. Бірақ айына екі-үш миллион теңге ұстап үйренген олар екі сиыр ұстап жан бағуға дайын ба? Кореядан келгендер Қазақстаннан жұмыс таппай, Израиль мен Германияға кетіп жатқанын да естіп жүрміз. Егер Сыртқы істер министрлігі ақпаратты растаса, заңсыз еңбек мәселесі Қоянбаевтың фильмдері құсап, бір бөліммен бітпейтін сияқты.
Сан дерек:
Ranking.kz берген мәлімет бойынша, 2019 жылдың алғашқы алты айында халықаралық ақша аударымы жүйесі арқылы шетелден Қазақстанға 173 млрд. теңге жіберілген. Қаржының басым бөлігі Ресейден аударылған: 72 млрд. теңге. Екінші орында Оңтүстік Корея елі - 32,3 млрд теңге (40,3% өсім). Өткен жылмен салыстырғанда Оңтүстік Кореяның үлесі 15,5% көрсеткіштен 18,6% дейін өсті. Үздік үштіктің қатарында көрші Өзбекстан елі бар, жарты жыл ішінде бұл елден 14,9 млрд. теңге аударылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 58,8% көп. Өзбекстанның үлесі 6,3% көрсеткіштен 8,6% дейін өскен.
Мақпал Мейірбекқызы, Нұр-Сұлтан