Былтыр шымкенттіктер күніне 3 сағат тамақ ішіп, 8 минут ойланған
Маңғыстау өңіріндегі адамдар ойлану мен демалуға бір сағаттан артық уақыт жұмсаған

Ұлттық статистика бюросының статистикасына сілтеме жасаған finprom.kz қазақстандықтар 2024 жылы уақыттарын қалай және қандай жұмысқа жұмсағандарын талдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анықталғандай, былтыр Қазақстандағы ер адамдар үй шаруасына аз уақыт жұмсайды екен.
«Жұмыс күндері ер адамдар 9 сағат 7 минут жұмыс істеген. Бұл әйелдермен салыстырғанда бір сағат көп уақыт. Бірақ, олар демалысқа көп уақыт арнайды. Демалып, әлеуметтік желі мен теледидар көреді», - деп жазған сайт.
Үй шаруасына келгенде жұмыс күндері әйелдер 2 сағат 13 минутын үй тіршілігіне арнаған. Ал ерлер үй шаруасына 48 минут жұмсаған екен. Демалыс күндерінде әйелдер 4 сағат 44 минутын үйдегі тұрмысқа, ал ерлер небары 1,5 сағат уақытын үйдегі жұмыстарға арнаған.
Аймақтардағы статистика қандай
Сауалнамаға сүйенсек, былтыр Шымкент тұрғындары күніне 3 сағатын тамаққа арнаған. Ал ойланып, демалуға 8 минут уақыттары кетіпті. Маңғыстаулықтар демалыс пен ойлануға күніне бір сағаттан астам уақытын арнаған.
Астана тұрғындары күніне 39 минутын кір жуып, үй жинауға арнаса, шымкенттіктер бұл жұмыстарға күніне 1,5 сағат уақыттарын жұмсаған.
«Қазақстандықтар күніне 2 сағат уақытын әлеуметтік желі мен теледидар көруге жұмсаған. Бірақ, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының азаматтары бұған 3 сағаттарын арнапты. Ұялы телефон мен теледидарды ең аз көретін аймақ – Қызылорда мен Маңғыстау облыстары», - деп жазған дереккөз.