Мүфтият Құрбан айт мерекесінің қорытындысын жария етті
Биыл 6-8 маусым аралығына дәл келген Құрбан айт мерекесі кезінде еліміз бойынша 36 046 мал құрбандыққа шалынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт мерекесіне орай «Qurban 2025» республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастырған екен. Қайырымдылық науқаны кезінде 81 793 отбасыға ет таратылған.
Мүфтияттың мәліметіне сүйенсек, республика көлемінде жалпы саны 36 046 мал құрбандыққа шалынды.
«Атап айтқанда, 31 906 бас қой, 1 973 бас ешкі, 2 119 ірі қара және 48 түйе құрбандыққа шалынды. Еттерді арнайы қабылдау пункттеріне жинаған дін қызметкерлері мен еріктілері етті мұқтаж жандарға таратып берді», - деп хабарлайды ҚМДБ.
«Республика бойынша 809 адамнан құралған бірнеше штаб үздіксіз жұмыс атқарды. 81 793 отбасыға құрбандық етін алды. Бұған қоса, арнайы сойылған малдың еттері еліміздегі 1236 әлеуметтік мекемелерге, қорларға, зағиптар қоғамына, ауруханалар мен қарттар үйлеріне таратылды», - деп хабарлайды мүфтият.