Олар қоршаған ортаға залал келтірген
Қазақстан Конституциясының отыз жылдығына орай жарияланатын рақымшылыққа заңсыз ау аулағаны және өлген киіктердің мүйізін жинағаны үшін сотталған азаматтар да ілігеді. Алайда олардың мемлекетке келтірген миллиондаған залалы кешірілмейді, түрмеден босап шыққан соң да оны қайтаруға міндеттеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтайдың айтуынша, заңсыз аң аулағаны үшін жазасын өтеп жатқан 24 азаматтың 21-і және өлген киіктердің мүйіздерін жинағаны үшін темір торда отырған азаматтардың барлығы рақымшылыққа ілігеді.
«Осыдан үш күн бұрын ғана маған Ұлытау облысының Қызылжар ауылынан төрт бірдей азаматтың ата-анасы қоғамық қабылдауға келді. Олардың көңілінде бір қуаныш, бір күдік. Қуанышы сол – балаларының рақымшылыққа ілігетіні, күдігі – олардың мойнында бірнеше миллиондаған айыппұл бар. Мысалы жаңағы төрт азаматтың мойнында 600 миллион теңге айыппұлы бар екен. Олар тұрмыстық жағдайының қиындығынан заңсыз қадамға барып отыр ғой. Рақымшылықа іліккен азаматтарды қалыпты өмірге қайта бейімдеу, әлеуметтендіру мәселесі маңызды. Осыған байланысты сұрағым – осы рақымшылыққа іліккен, заңсыз аң аулаған не болмаса киіктің мүйізін жинағаны үшін жазасын өтеп жатқан азаматтардың мойнындағы айыппұлдары кешіріле ме?», - деп сұрады депутат бас прокурордың орынбасарынан.
Әсет Шыңдалиев бұл айыппұл емес, мемлекетке, дәлірек айтқанда қоршаған ортаға келтірілген залал екенін нақтылады.
«Оның негізгі жазасы, сіз айтқандай, бас бостандығынан айыру. Енді ол түрмеден босап шыққанда шыққанда, әлгі залал оның артынан қалады, ол залалды бәрібір де өндіру керек. Бірақ енді қалай өндіреді, сот орындаушылармен бірге жасай ма, өзі жасай ма, жалақысынан кестеге сай ақырын-ақырын төлеп отыра ма, оны әрі қарай сот орындаушылармен, басқа мемлекеттік органдармен қарастыру керек», - деді бас прокурордың орынбасары.
Шыңдалиевтің жауабын рақымшылық заңы туралы баяндама жасаған депутат Абзал Құспан толықтырды. Мәжілісменнің ақпаратынша, 2019 жылы экологиялық қылмыстар үшін жаза күшейтілген кезден бастап 800-дей адам сотталған, соның 180-ге жуығы қазір бас бостандығынан айыру мекемелерінде отыр.
«Олардың басында миллиондаған, тіпті кейбір азаматтардың басында бірнеше миллиардтаған экологиялық залал бар. Енді оларға рақымшылық заңы қолданылады, әрине бәрі бірдей босап шыға алмауы мүмкін, жазалары қысқартылуы мүмкін. Одан бөлек, дәл осы екі апта бұрын біз қылмыстық заңнаманы оңтайландыру туралы заңның аясында Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістер мен түзетулер енгіздік. Соның ішінде 339-бапты бірінші ескертпемен бөлек шығардық. Соның ішіне дәл сіз айтқан санаттар кіреді, яғни қолына қару алып, киік атпаған немесе заңсыз балық ауламаған азаматтар 339-баптың бірінші ескертпесі аясында қаралады. Бұл бұрын сотталып кеткен азаматтарға қолданылады. Өйткені Қылмыстық кодекстің алтыншы бабына сәйкес, заңның жеңілдетуге қатысты кері күші болады. Яғни өзі тікелей заңсыз киікті атпаған, қолына қару ұстамаған, болмаса балық аулаумен айналыспаған азаматтардың жазасы жеңілдейді. Тек жинаумен, сатумен, тасымалдау және сақтаумен айналысқан деген әрекеттер үшін бөлек жауапкершілік қарастырылды», - деп түсіндірді Абзал Құспан.