Ол Қазақстанда 3 жылдан астам жұмыс істеді
Қазақстанда 3 жылдан астам жұмыс істеген Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сиктің өкілеттілігі тоқтады. Дипломат елімізге 2017 жылдың сәуірінде келген еді. Ол 3 жылға созылған Қазақстандағы елшілік миссиясын қалай атқарды? Қазақ-корей қарым қатынасының болашағы қандай? АҚШ билігінің коронавирус ошағына болған Қытайдан материалдық шығын талап етуі қаншалықты дұрыс? Осы және басқа да мәселелер бойынша Azattyq Rýhy тілшісі дипломатпен сұхбаттасып, пікірін жазып білді.
- Елші ретінде Қазақстандағы миссияңыз аяқталды. Осымен саяси карьераңызға нүкте қойылды ма?
- Қазақстандағы 3 жылға созылған елшілік миссиям аяқталды. Елшілік қызметтіммен бірге саяси карьерама да нүкте қойылды. Зейнетке шығамын. Өйткені, Кореяда зейнетнерлікке шығу 60 жастан басталады. Болашақта немен айналысатынымды әлі жоспаралаған жоқпын. Алайда, Кореяға табаным тиген бойда туған ауылыма барсам деймін. Мен Кореяның онтүстік-батысындағы Чунчхон провинциясы, Чонянг ауылында дүниеге келдім. Елші қызметінде жүріп, туған жерден жырақтап кеткенім рас. Ендігі жерде отбасыммен бірге ауылымда демалуды жоспарлап отырмын. Әрине, әркімнің кіндік қаны тамған жері өзіне ыстық. Менің де ауылым тұмса табиғатымен, жайқалған бау-бақшасымен ерекшеленеді. Зымыраған заманда бір мезет тыныстауға уақыт таппай жатамыз. Осы жолы табиғат аясында жеке қалып, өткен өмірімді ой елегінен өткізіп, өзіме есеп берсем деймін. Оған қоса көптен бері қолыма тиіп, бірақ оқуға уақыт таппай жүрген шығармалар бар. Соларды оқуды жоспарлап отырмын. Плюрализм жанрында жазатын авторлардың шығармаларын оқығанды ұнатамын. Қолыма алатын кітаптардың ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен «Қорқыт Ата» туындысы бар.
- Қазақстан мен Корея арасындағы байланысты нығайтуға қаншалықты үлес қоса алдыңыз?
- Елшілік миссиямның соңғы кезеңінде әлемдік пандемия басталды. Қазақстан да әлемді жайлаған індетпен күресіп жатыр. Бұл ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкіметтің жұмысын жоғары бағалауға болады. 2017 жылдың сәуірінен бастап Қазақстанда үш жылдан аса қызмет еттім. Қазақ-корей байланысының белгілі бір дәрежеде биікке көтерілуіне үлес қостым деп айта аламын. Соның дәлелі - Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына қосқан үлесім үшін «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы» мемлекеттік наградасын алдым. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға атсалыстым. Соның бірі – Корея Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында қабылданған «Самал жел» жаңа экономикалық бағдарламасын іске асыру. Бұл бағдарлама екі ел арасындағы көлік және логистика, құрылыс, өнеркәсіп, инфрақұрылымды дамыту, тау-кен металлургия және жер қойнауын пайдалану, сауда-экономикалық ынтымақтастық, энергетика, инновация және ауыл шаруашылығы, қаржы, денсаулық сақтау мен мәдениет, туризм және білім беру сияқты бірнеше сала бойынша 58 жобаны қамтиды. Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына инвестиция құйып отырған елдердің үздік ондығына кіреді. Сөзіме дәлел ретінде айтайын, Қазақстанда корей капиталының қатысуымен 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. 2017 жылы қызметіме енді кіріскенде екі ел арасындағы тауар айналымы 600 млн доллар еді. Ал, өткен жылдың соңында көрсеткіш 4,2 млрд долларға жетті. Көрсеткіштің 8 есе артқанын байқауға болады. Әрине, бұл менің ғана атқарған жұмысым дей алмаймын. Бірақ белгілі дәрежеде үлес қостым. Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың корей капиталын тартудағы еңбегін ерекше атап өткім келеді. Қазақ көшбасшысы салған сара жолды қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғады. Екі жақты келісімді нығайту мақсатында Президент биыл Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапармен барады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, ауыз толтырып айтатын тағы бір дүние - былтыр елшіліктің жаңа ғимраты мен резиденциясы ашылды.
- Қызмет барысында еліміздің бірнеше өңірінде болдыңыз. Әр өңірдің өзіне тән менталитетін байқаған боларсыз. Қазақ халқы жайында қандай ой түйдіңіз?
- Қай мемлекетте қызмет етсем, сол елдің тарихын зерттеп, мәдениеті мен әдебиетімен танысамын. Бүгінге дейін бірнеше елде қызмет еттім. Алайда, қазақтай қонақжай, кең пейілді халықты кездестірмедім десем, қателеспейтін шығармын. Үш жыл ішінде ұлан байтақ жердің әр өңірінде болып, салт-дәстүрімен танысуға тырыстым. Солтүстік Қазақстан облысын аралап үлгермедім. Биыл барамын деп жоспарлағанмын. Дегенмен, пандемия салдарынан ол сапар орындалмады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапарымда қазақ пен корей халқының ұқсастығын байқағандай болдым. Бұлай деуіме себеп те жоқ емес. Қазақ пен корей тілдерінің түп төркіні түркі тіл құрамынан тарайды. Өйткені, корей тілі Алтай тілдер тобынан тарайды.
- Оңтүстік Корея ЕАЭО-ға мүше елдердің нарығына шығуды көздейді. Бұл ретте Корея мен Қазақсанның қарым-қатынасты одан сайын нығая түсетіні белгілі. Қазақ-корей арасындағы қатынастың болашағына деген болжамыңыз қандай?
- Дұрыс айтасыз, Оңтүстік Корея билігі солтүстік өңірдегі елдермен экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі. Соның ішінде, Ресей мен Орталық Азия елдерінің нарығына шығуды көздейді. Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин «Жаңа солтүстік саясат» атты даму бағдарламасын әзірледі. Осы құжат аясында аталған елдермен экономикалық байланысты жандандыру саясаты тұр. Бұдан бөлек, корей үкіметі ЕАЭО-ға мүше елдермен еркін сауда аймақ құру туралы келісімге келуді көздейді.
- АҚШ билігі коронавирус ошағы (Ухань – авт.) ретінде Қытайдан материалдық шығын талап етіп отыр. Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?
- Коронавирус індеті адамзаттың өміріне тікелей әсер етті. Ешбір ел мұндай қауіптің боларын болжап білмеді. Қазіргі таңда әр ел өзінше күрес жүргізіп жатыр. Сіздің сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Дегенмен, саяси тұлға, дипломат ретінде өзге елдің саясатына баға бермеуге тырысамын. Сондықтан өз пікірім өзімде қалғанын қалаймын. Меніңше, қазіргі таңда кінәні іздеп, бір-бірімізді айыптауға асықпауымыз қажет. Біздің басты міндетіміз - вируспен күресіп жатқан дәрігерлерге барынша қолдау көрсету. Ақ пен қараны ажыратуға вирусты жеңіп болған соң да үлгереміз.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әсел Тұмашқызы