Көліктердің салмағын өлшейтін автоматтандырылған станциялар жетіспейді
Парламент Сенатының депутаттары жолдардың бұзылуына жол бермеу үшін салмағы тым ауыр жүк көліктеріне жалпыға ортақ жолдармен жүруге заң бойынша тыйым салуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенат депутаты Әлібек Нәутиевтің айтуынша, қазір қаржыландырудың 80 пайыздан астамы жолдарды салуға, жөндеуге және реконструкциялауға жұмсалады. Ал жолдарды күтіп ұстауға бөлінетін ақша нормативтік қажеттіліктің төрттен бірінен аспайды. Соның салдарынан жолдар уақытынан бұрын бұзылып, қызмет ету мерзімі қысқарып жатыр.
«Жолдардың бұзылуына ықпал ететін факторлардың бірі – рұқсат етілген көрсеткіштерді бұза отырып, ауыр салмақты көліктердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарымен жүруі. Мұнда салмағы 40 тоннадан асатын жүк таситын самосвалдар туралы айтып отырмыз. Бұл ретте, нормативтерге сәйкес жол төсеміне көлік салмағы бір оське орта есеппен 8 тоннадан аспауға тиіс. Осы мәселені жергілікті атқарушы органдар ұдайы көтеріп келеді. Автоматтандырылған өлшеу станциялары осы мәселені шешуі керек еді. Алайда Жоғары аудиторлық палатаның ақпараты бойынша жүйедегі дұрыс емес деректер мен техникалық ақауларға байланысты автоматтандырылған өлшеу станциялары ара-тұра тоқтап қалады», - дейді депутат Сенатта өткен Үкімет сағатында.
Сенатордың мәліметінше, автоматтандырылған өлшеу станцияларының құны шамамен 2 млрд теңгені құрайды, ал оларды күтіп-ұстауға жұмсалатын қаражат 617 млн теңгеден асады. Мәселен, 2020-2023 жылдар аралығында автоматтандырылған өлшеу станциялары салмақ параметрлерін асырған 175 мыңнан астам көлікті анықтаған. Алайда заңбұзушылықтардың 96%-ға жуығы дұрыс тіркелмеген.
Бұған қоса, Нәутиевтің айтуынша, автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мәселесінде қиындықтар бар. Соның салдарынан өңірлер станцияларға деген қажеттілігін қанағаттандыра алмай отыр.
«Осыған байланысты станцияларды орнату мәселесін шешу және осы жүйенің дұрыс жұмысын тұрақтандыру қажет деп санаймыз. Сондай-ақ, жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда рұқсат етілген салмағын бұза отырып, ауыр көліктердің өтуіне заңнамалық тыйым салу бойынша өңірлердің ұсынысын қолдаймыз», - деді депутат.