Фаст-фудтан түскен қыруар табыс кімдердің қалтасына кетіп жатыр?
Қазақтар қызығына батқан фаст-фуд мейрамханалары жергілікті тұтынушылардан пайда көргенмен, қазақстандық өнімге қаншалықты басымдық беріп отыр? Не «Форбс» тізіміне енген олигарх, не сол бай-бағландардың балалары ғана иелік ететін еліміздегі алып фаст-фуд бизнесі «қарапайым» кәсіпкерлер үшін қол жетпес арман. Тез тойдырып, тез «семіртетін» фаст-фуд франшизасының Қазақстандағы жай-күйі туралы бүгінгі мақаламыздан оқи аласыздар.
Қазақстандағы «KFC» мейрамханалары өнімді қайдан алады?
Отандық құс фабрикалары үшін фаст-фуд мейрамханалары көпе-көрім нарық. Бірақ, әзірге «KFC» желісімен әріптестік орнатқан елімізде екі ғана мекеме бар. Олар Өскемен құс фабрикасы және Ақмола облысындағы «Курочка ряба» сауда маркасымен нарыққа шығатын «Capital Projects Ltd» ЖШС. Бұл туралы біздің сауалымызға жауабында «KFC Россия и ТМД» баспасөз қызметі айтты.
Әйгілі фаст-фуд асханасы Өскемен құс фабрикасынан былтырдан бастап бройлер етін ала бастаған. Нақтырақ айтсақ, тауықтың сирағы мен қанатына сұраныс көп. Ендігі ретте өскемендік фабрикалар өнімге деген сұранысты арттыру үшін барлық талаптарға сай жұмыс істеуді көздеп отыр. «Aitas KZ» АҚ Президенті орынбасарының міндетін атқарушы Рабиға Тоқсейітованың айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті фабрика KFC-ге басқа да ассортименттерді ұсынып жатыр.
«2021 жылға қарай көтерме сауда, қайта өңдеу, кейтеринг бағыттары бойынша жұмыс ауқымын арттырамыз. Фаст-фуд мейрамханаларына дайындайтын өнімдеріміз кейтеринг бағытына кіреді. Оның үлесі соңғы 7 айда жалпы өнімнің 15 пайызын құрады. Енді өндіріс кеңейгеннен кейін, әрине сатылым да көбейеді. KFC-дің арнайы критерийлері бар. Соған қарап біз құсты өсіру мен сою уақытын белгілейміз», - дейді Р.Тоқсейітова.
«Шаңырақ басқарма компаниясы» холдингіне кіретін «Курочка ряба» фабрикасының иесі ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божконың ұлы – Максим Божко. Оның айтуынша, фабрика KFC-ге айына тұрақты түрде 40 тонна ет сатады. Ассортиментке тауық қанаты, аяғы және филье кіреді. Мейрамхана желісімен 2016 жылдан бері жұмыс істейтін фабрика KFC-мен әріптестік орнату үшін бір жыл бойы түрлі этаптағы тексеруден өткен екен.
Ал Қазақстанның Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов фаст-фуд мейрахманалары жергілікті фабрикаларды «менсіне бермейді» дегенге сендіргісі келеді.
«Олардың өз талаптары бар. Бізде көптеген фабрикалардың ұсынатын өнімдері сол талаптарға сай келмей отыр. Одан бөлек, тапсырыс берушілер жергілікті емес, шетелдік өнімдерге басымдық береді. Кейде отандық өнімдер барлық талаптарға сай келгенмен, фаст-фуд мейрамханаларының қожайындары әйтеуір бір себебін тауып, бас тартатын сәттер жиі кездеседі», - дейді Р.Шәріпов.
«KFC Россия и ТМД»-ның бізге берген мәліметі бойынша, шетелдік өнім деп отырғанымыз алыс Америкадан немесе шалғайдағы мемлекеттерден келетін ет емес. Қазақстандық құс етін өндірушілердің басты бәсекелестері - іргедегі Ресей және Беларусь екен. Қазіргі уақытта біздегі KFC-ге Ресейдің «Бизнес Фуд Сфера» және «Черкизово», Беларусьтен «Смолевич бройлер» фабрикалары ет экспорттап жатыр. Ал KFC өкілдері ет жеткізетін компанияларды аса мұқият іріктеп, қатаң талаптар бойынша таңдаймыз дейді. Сонымен қатар олардың жұмысын әріптестіктің барлық кезеңінде жіті бақылап, ұдайы тексеруден өткізіп отырады.
«Буш сирақтарынан» не үшін бас тарта алмаймыз?
Дүниежүзілік сауда ұйымының шарты бойынша, Қазақстан АҚШ-тан жыл сайын 140 мың тонна тұрып қалған «Буш сирақтарын» сатып алады. Сақтау мерзімі өткен өнімді Қазақстан секілді мемлекеттердің не себепті әлі күнге дейін тұтынып отырғанын Қазақстан Құс өндірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов түсіндіріп берді.
«Былтыр біз 191 мың тонна құс етін өндірдік. Биыл бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 230-250 мың тонна көлемінде болады деп жоспарлап отырмыз. Қазақстанға керек өнім көлемі – жылына 350 мың тонна. Ал, АҚШ-тағы 20-30 жыл бойы резервте жатқан еттер жағдайы төмен мемлекеттерге әлі күнге дейін арзан бағамен жіберіліп жатыр. Оның қатарында біз де бармыз. Өкінішке қарай, біз бұл квотадан бас тарта алмаймыз. Себебі, бұл өнімдердің бағасы біздегімен салыстырғанда 50-100 теңгеге арзан», - дейді Р.Шәріпов.
Бұл тек Қазақстанның басындағы ғана жағдай емес. Мәселен, ресейлік құс етін өндірушілер РФ президенті В.Путинге қайта-қайта өтініш жасап, АҚШ экспортына шектеу жасаған. Ресей Құс өсірушілер одағының президенті Владимир Фисининнің айтуынша, 1997 жылы Ресейге сырттан келетін еттің үлесі 67% болған, сол кездері АҚШ-тан 1 миллион тоннадан астам «Буш сирақтары» келіп отырған.
«Бүгінде Қазақстанды Еуразиялық Одақ аясында Беларусь пен Ресей де өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Шығын да аз болады. Ресей АҚШ өнімдерінен бас тартқанда ештеңе де болған жоқ, сол себепті тәуелділіктен бас тарту қажет», - дейді Владимир Фисинин.
Қазақстандағы фаст-фуд дайындаушылар дәл сол «Буш аяқтарын» пайдалана ма, соны білмек болып KFC-ден де басқа ірі мейрамхана желілеріне хабарласып, жауап ала алмадық. Телефонды көтермеді, хатқа жауап жазбады.
Мейрамханалардың бір күндік табысы қанша?
Қазақстан бойынша 10 қалада KFC мейрамханалары бар, олардың жалпы саны – 53, Алматыда - 24, Астанада - 15, Оралда - 3, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды, Шымкент қалаларында – 2, Өскемен, Павлодар, Атырау сияқты облыс орталықтарында бір-бір нүктеден. Қазақстан KFC желісінің «Ресей және Шығыс Еуропа» бөліміне қарайды. Міне, осы аталған аймақ былтыр сатудан түскен түсімін 20 пайызға арттырып, әлемдегі KFC орталықтары арасында көшбасшы атанған. Сондықтан компания өкілдері келер жылдан бастап Ресей мен ТМД аумағындағы нүктелер санын 1000-ға көбейтеміз деп отыр.
Ал Қазақстанның ірі сауда орталықтарындағы KFC мейрамханаларының бірінде айлық касса түсімі шамамен 120 млн теңгеге дейін жетеді екен. Қарапайым KFC нүктелеріндегі орташа айлық табыс көлемі қанша екенін білу мақсатымен Алматыдағы «KFC на Абая» мейрамханасында төрт жыл жұмыс істеген Амангелді Әбдіғаппармен хабарластық. Амангелді жұмыс істеген нүктеде айына 60 млн теңгеге сауда жасалады. Одан түсетін таза пайда – шамамен 10 млн теңге. Айтуынша, Алматыдағы 24 мейрамханаға бір күнде 144 мың тауық қанаты керек екен. Жергілікті ет өнімдері сапалы, дәмді, арзан болғанымен, олардың қалаған уақытта қажетті көлемді дайындауға қуаты жетпейді.
Амангелді Әбдіғаппар, «KFC на Абая» мейрамханасының бұрынғы менеджері:
«Бір мейрамханада күніне орташа 50-60 пакет тауық қанаты өтеді. Ал қала шетіндегі, мысалы «Апорттағы» мейрамхана бір күнде 200 пакет қанатқа дейін сатады. Бұдан бөлек зингер, байтс, құс сирағы, стрипсы, тағы басқа толып жатқан ассортимент бар»
Фаст-фудтан түскен қыруар табыс кімдердің қалтасына кетіп жатыр?
KFC бренді Қазақстанға 2010 жылы келді. Оған «Americana Group» халықаралық компаниялар тобы арқылы арабтар қожалық етеді. Ал сапа мен қызметті франчайзингтік серіктес ретінде «Yum! Brands» ұйымы бақылайды. Қазақстанға «Americana Group» 2007 жылы «The Caspian International Restaurants Company» ЖШС деген атпен кірді. Құрамында KFC-ден бөлек Hardee’s, Pizza Hut және CostaCoffee мейрамханалары бар. Алайда компанияның негізгі пайдасы KFC-ден түсіп, басқаларының шығынын жауып отырғанын өздері де мойындайды. ТМД аймағы, оның ішінде Қазақстандағы мейрамханалар санын едәуір арттыру жоспарының себебі осы. Әзірше еліміз фаст-фуд желісі үшін перспективасы зор аймақ болып тұр.
Сондықтан да болса керек, 2012 жылы өзіміздің ірі кәсіпкерлер фаст-фуд нарығын жаулауға кірісті. Қазақстандық Forbes тізімінің үштігіндегі Болат Өтемұратовтың «Верный капитал» компаниясы «Burger King» желісін алып келді. 12 жылға келісілген франшизаның иесі – ұлы Әнуар Өтемұратов. Ол - «QSR» ЖШС директоры. Қазір еліміздің 11 қаласында 46 «Burger King» мейрамханасы бар.
2016 жылы 8 наурызда белгілі миллиардер Қайрат Боранбаев Қазақстанға McDonalds-ты «сыйлады». Ол әйгілі тамақтану желісінің тек біздегі емес, Ресей мен Беларусь еліндегі франшизасын сатып алған. Қазір Астана, Алматы, Қостанай, Ақтөбе қалаларында McDonalds-тың 14 рестораны бар. Бірақ, бренд «Burger King» KFC-мен әзірге лайықты бәсекелес бола алмай отыр.
Франшиза қанша тұрады?
KFC-дің ресми сайтында франшиза алу үшін алғашқы жарна – 48400 АҚШ доллары деп көрсетілген. Жұмысқа салынатын минималды инвестиция –700 мың $ немесе 270 млн теңге. Осы 1 млрд-тан бөлек компания қоғамдық тамақтану нарығындағы тәжірибеге қарайды, сондай-ақ, бұрын-соңды бизнесте банкротқа ұшырамаған болуы керек. Ал мейрамхана ашқан соң табыстың 11% KFC-мен бөлісуге міндетті.
Burger King мейрамханасын ашу үшін, кемі 3 млн доллар жеке капитал, 1 млн доллар өтімді актив болуы шарт. Брендтің атын пайдалану құқығы, яғни паушалды жарнақұны – 75 мың АҚШ доллары немесе 30 млн теңге. Бір ғана мейрамхананы ашуға кететін шығын кем дегенде 440 мың $. Ең күрделісі - Burger King франшизаны бір ғана тамақтану нүктесін ашатын емес, сол аймақта немесе қалада брендті дамытатын инвестор іздейді. Қазақстандық сайттар Әнуар Өтемұратов франшизаға 1,5 млн АҚШ доллардан астам инвестиция құйды деп жазады.
ФОТО: Forbes.kz
«McDonalds» қожайындары да брендті Орта Азияда дамыта алатын инвесторға ғана сатады. Оның бағасы – мейрамхана ашылатын қалаға, мемлекетке байланысты. Ресми сайтында нақты құны туралы ақпарат жоқ. Ашық дерек көздері франшиза бағасы – 45000 $ деп жазады. Бастапқы инвестиция – 1-1,8 млн $ аралығында. Ай сайын компанияға табыстың 12,5 пайызын аудару керек. Келісімшарт 20 жылға жасалады. Қысқасы, әйгілі фаст-фуд брендтерін ашу үшін де, алдымен Боранбаев немесе Өтемұратовтар секілді қыруар капитал жинауыңыз қажет.
Абай Сейфулла