Коронавирустың жаңа толқынына дайындық жұмыстары жүрігізіліп жатыр - Надыров

Автор: Azattyq Rýhy

Коронавирустан жазылып шыққан бұрынғы вице-министр алғаш рет жаңа қызметінде брифинг өткізді

Фото: ашық дереккөзден

Коронавирустан жазылып шыққан бұрынғы вице-министр Камалжан Надыров Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалғалы алғаш рет брифинг өткізіп, вирустың екінші толқынына қарсы дайындық басталып кеткенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Брифинг барысында белгілі болғандай, пандемия кезінде шетелден Алматыға 2 мыңға жуық рейспен 200 мыңнан астам жолаушы келген. Сонымен қатар 700-ден астам үй және ұйымдастырылған ошақтарда коронавирус инфекциямен ауыратын науқастар анықталып, тиісті іс-шаралар өткізілді. Бүгінгі күні қаладағы КВИ жағдайы тұрақталды. Соңғы айда аурудың орташа өсімі шамамен 2,3%-ды, соңғы аптада өсім 1,1 пайызды құраған. 

«Қазіргі уақытта Алматы қаласында коронавирус жұқтырған 2882 адам тіркелген. Оның ішінде 1875 адам сауығып шықты. Бұл тіркелгендердің жалпы санының 65%-ын құрайды. Тек өткен аптада 323 адам емдеуден шығарылды. Алматыда коронавирустан 10 адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта 975 пациент емін жалғастырып жатыр», - деді басқарма басшысы Камалжан Надыров. 

Оның айтуынша, қазір басқарма COVID-19 вирусының жаңа толқынына дайындық жұмыстарын жүрігізіп жатыр.

«Жақын арада қаланың барлық стационарларында бас дәрігердің инфекциялық бақылау жөніндегі орынбасары лауазымы енгізілетін болады. Бұл госпитальдық эпидемиологтардың мәртебесін көтеруге, білікті мамандарды тартуға және сол арқылы стационарларда тиісті инфекциялық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - басқарма басшысы.  

Ол Денсаулық сақтау саласы бойынша тұрғындардың шағымын қабылдайтын арнайы нөмірді де жариялады. Алматы тұрғындары 8 777 8888 103 WhatsApp нөміріне хабарлама жібере алады. Надыров жіберілген әрбір шағым мен ұсыныстың назарға алынатынын айтты.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы