Ұласбек Сәдібековтің айтуынша, Түркістан облысының диқандары биыл ерекше қуаңшылықтың салдарынан ауыр жағдайға тап болған
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков премьер-министр Олжас Бектеновке Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы мен экологиялық мәселелерге қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шаруалардың және аймақ тұрғындарының қазіргі жағдайы, әсіресе қуаңшылықтың әсері мен зиянкестермен күрес бойынша өзекті мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылдауды талап етеді.
Депутаттың айтуынша, Түркістан облысының диқандары биыл ерекше қуаңшылықтың салдарынан ауыр жағдайға тап болған. Бұл аймақта жайылымдардың қурап, мал азығының тапшылығы мен егін алқаптарының күйіп кетуі байқалуда. Қуаңшылықтың салдарынан шаруалар дәнді және майлы дақылдардан жоспарланған өнімін ала алмауы мүмкін. Әсіресе, бүгінде егілген 389,3 мың гектар алқаптың 10%-ы жарамсыз күйге түскен, ал ауа райының қолайсыздығы алдағы уақытта да сақталуы ықтимал.
Сәдібеков атап өткендей, бұл жағдай ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар, аудан аумағында өзен-бөгеттер деңгейінің төмендеуі, мал басының азаюы да айтарлықтай алаңдаушылық тудырған.
Қуаңшылықтың салдарынан Түркістан облысының шаруалары мен ауыл тұрғындары күн сайын тасаттық жасап, жаратушыдан жаңбыр сұрауда. Бұл қиындықтармен бірге, Арыс қаласы мен Сарыағаш, Келес, Шардара, Отырар аудандарының тұрғындары жыл сайын шегіртке мен шіркейдің шабуылынан зардап шегіп отыр. Шаруа қожалықтары егістік алқаптарын қорғау үшін күрес жүргізіп, зиянкестерден сақтануды қажет етеді. Ал, шіркейлердің таралуы әсіресе Отырар ауданындағы ауыл тұрғындары үшін ерекше қиындықтар туғызып отыр.
Бұған қоса, Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесіне келуші туристердің де зиянкестерден зардап шеккені анықталған. Бұл жағдай туристік ағымға кері әсер етіп, мәдени мұраның сақталуына да қауіп төндіруде.
Ұласбек Сәдібеков өз депутаттық сауалында Түркістан облысындағы жағдайды жақсарту үшін бірнеше ұсыныс жасады:
Депутат Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысындағы қиын жағдайдың тек жергілікті деңгейде шешілуі мүмкін емес екенін мәлімдеп, республикалық қолдау көрсету қажеттігін баса айтты. Оның пікірінше, бұл мәселе тек бір өңірдің ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Депутат халықтың үніне құлақ асып, нақты әрі жедел әрекеттер қабылданатынына сенім білдірді.