Депутат Сүлейменова суға хлор қосып, еден жуатын әйелдер үшін үкіметтен өтемақы талап етті (ВИДЕО)
Сондай-ақ депутат олардың еңбек жағдайын жақсарту үшін де қосымша шара қолдану керек дейді

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдай отырып, қарапайым жұмысшылардың жұмыс орнындағы қиын мәселесін қозғады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, бұған дейін «AMANAT» депутаттары қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғау мақсатында бір емес, жеті депутаттық сауал жолдаған екен. Алайда, олардың ұсынысы қолдау таппаған.
«AMANAT» әрдайым қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғап, олардың өмір сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мәжілістің үшінші сессиясында «AMANAT» партиясы фракция депутаттары бюджеттік ұйымдарда еңбек ететін техникалық қызметкерлер – еден жуушы, сантехник, аула тазалаушы, электрик, плотник секілді жұмысшылардың мүддесін қорғайтын 7 депутаттық сауал жолданды. Бұл – өңірлердегі еңбек ұжымдарымен кездесу кезінде азаматтар көтерген нақты сұрақтар», - дейді ол.
Сүлейменова президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанын еске сала келе, бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам екенін атап өтті.
«Алайда, 2025 жылдың 5 наурыздағы Үкіметтен келіп түскен ресми жауапта біздің ұсыныстарымызға байланысты нақты шешімдер қабылданбаған. Мысалы, еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын техникалық қызметкерлерге де қарастыру, өңірлер арасындағы теңсіздікті жою мақсатында әлеуметтік кепілдіктердің бірыңғай механизмін бекіту туралы ұсыныс ескерусіз қалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мақсатқа 28,7 млрд теңге қажет екенін есептесе де, нақты шешімдер қабылданбаған», - дейді ол фактілерді тізе отырып.
Негізінде, депутаттың айтуынша, Үкіметтіғ 2023 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар азаматтық қызметшілерге қосымша үстемеақы белгілеуге құқылы. Алайда, бұл жүйе бір ізге салынбаған соң өңірлерде үлкен айырмашылық орнаған: кейбір облыстарда жалақы өссе, қаржы тапшылығына байланысты кейбір өңірлерде жағдай өзгеріссіз қалған.
Осыларды негізге алған депутат жұмыс барысында хлор қолданатын адамдардың мүддесін қорғауға келгенде үкімет «жұмыс берушіге жүгінсін» деген сылтаумен құтылғанын айтып, ашуланды.
«Ал, хлор қолданатын жұмысшыларға өтемақы төлеу жөніндегі ұсынысымызға келіп түскен жауап мүлдем қисынсыз: «жұмыс берушіге жүгінсін» деп айтылған. Сондықтан, келесі нақты ұсыныстарды енгіземіз», - деген Сүлейменова нақты талаптарын жария етті.
Бірінші. Техникалық қызметкерлердің жалақысын арттыруға арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет. Бұл әдістемеде еңбек өтілі, жүктеме көлемі, жұмыс күрделілігі мен өңірлік ерекшеліктер ескерілуі тиіс. Барлық техникалық қызметкерлерге, біліктілік дәрежесіне қарамастан, сауықтыру жәрдемақысын төлеуді орталықтандырылған түрде – республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен, бірақ бірыңғай әдіспен қамтамасыз ету және оны №1193 қаулыда нақты бекіту ұсынылады.
Екінші. Техникалық қызметкерлерді ағымдағы жөндеу жұмыстарына заңсыз тарту тоқтатылсын. Мұндай жағдайлар орын алса, еңбек шарттарындағы міндеттемелердің орындалуын бақылау тетігін күшейту қажет.
Үшінші. Хлор және басқа да зиянды заттарды пайдаланып жұмыс істейтін техникалық қызметкерлерге қосымша өтемақы қарастыру және олардың еңбек жағдайын жақсарту тетігін әзірлеу қажет.