Бұрын бұқара кредитті барып алатын еді, қазір несие өз аяғымен келіп жүр - Сәрсенғалиев
Нартай Сәрсенғалиев депутаттық сауалында бірнеше ұсынысын айтты

«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев халық несиені бұрынғыдай қажеттіліктен емес, банктер мен микрокаржы ұйымдарының тікелей итермелеуімен алып жатыр деп дабыл қақты. Оның сөзінше, азаматтардың атына рұқсатсыз рәсімделген несиелер, интернет алаяқтықтың өршуі және банктердің жауапкершіліктен жалтаруы елдегі қаржылық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Мәжілісмен Үкіметке нақты ұсыныстарын жолдап, халықты «кредит тұзағынан» құтқаруға шақырды.
«Бүгінгі депутаттық сауалым қарыздың қамытын киген қазақты құтқарудың орнына кредитке көміп көкесін көзіне көрсеткен жағдай жайлы. Қазақ ықылым заманнан «қарыз алдың – қайғы алдың» дейді. Сол қайғыны қажеттілік үшін алатындар бар, амалдың жоғынан банкке баратындар бар. 2025 жылдың басында қазақстандықтардың кредиттік портфелі 24,1 трлн теңгеге жеткені жарияланды. Бұл бір жыл бұрынғы берешектен 22,9% көп.
Бұрын бұқара кредитті барып алатын еді, қазір кредит өз аяғымен келіп жүр. Себебі интернетті ашып қалсаң, телефонды қосып қалсаң несие ұсынған компаниялардан аяқ алып жүре алмайсың. Банк телефон шалып кредит алыңыз деп қиылып тұрады, қала берді займ, найм, микрозайм, айлыққа дейінгі қарыз деген неше түрлі атаумен телефонымызға күн сайын несие алуға үндейтін сансыз хабарлама келеді. Тіпті көбісі «сізге осынша теңге несие шықты, келіп алыңыз немесе сілтемемен өтіңіз» деп жазады. Ағайынды ашындыратыны осы, бүкіл елдің телефон нөмірі, жеке деректері, құжаттағы ресми ақпараттары айналадағы болмаса айдаладағы компанияларда қайдан жүр? Сандық технологияны дамытамыз деп елдің жеке мәліметі жиналған сандықты кім ашып тастады? Алаяқтар мен кредит бергіш колпанияларға біздің деректерді кім ұсынып жүр? Цифрлық даму министрлігі бастаған ведомствалардың жеке деректі мұқият сақтаймыз дегені осы ма? Бұған кім жауап береді? Міне менің өзіме қанша смс келді»,- деді депутат.
Оның сөзінше, азаматтардың денсаулығына қатысты деректер, жеке басына, отбасы мүшелеріне қатысты деректер, жеке құжаттағы мәліметтер де әркімнің қолында жүр.
«Қазір қандай да бір мемлекеттік немесе жеке қосымшаға кірейін десең «сіздің жеке мәліметтеріңізді өңдеуге рұқсат беріңіз» деген батырма шығады. Оған келіспесең бітті, ешқандай қызмет көрсетпейді. Ол жеке деректі алғандар оны кейін қайда қолданады, кімге береді Құдай білсін. Артынша азаматтар алданып жатыр деп алашапқын боламыз. Себебі жеке дерегі қолды болған азаматтар жаппай алаяқтардың құрығына түсіп жатыр. «Әзіл айту мен қарыз алу кенет болу керек» дейді қазақ, қазір қарызға кіру де кенет болады. Нақты дерек, 2024 жылы қазақстандықтар 22 900 рет интернет алаяқтарға алданған, шығын 45,5 млрд теңге. Азаматтар «ақшамды есепшотымнан сыпырып алған алаяқты табыңыз» деп полияцияға арыз жазады. Бірақ одан нәтиже жоқ. Себебі интернет алаяқтыққа қатысты қозғалған істердің 81,8 проценті «қылмыс жасаған адамның анықталмауына байланысты» жабылып қалады. Бітті. Есепшотың тұрған банк өзіне мүлдем жауапкершілік алмайды. Тергеуші таппайды. Жеке деректеріңді, банктегі есепшорттарыңды кімнің, қашан, қалай қолды қылғанын да білу мүмкін емес. Сонда сандық технологияны халықты сан соқтыру үшін ойлап табылды ма?», - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Ол былтыр интернет алаяқтар ел сеніп отырған мемлекеттік мекемелерді алдап 8,4 миллион теңгесін ұрлап кеткенін айтты. Депутаттың айтуынша, халықтың қалтасын қағып қана қоймай, өміріне қауіп төндіретін тағы бір дүние бар. Ол биологиялық белсенді қоспалар. Сертификаты бар ма, тиісті тексеруден өткен бе ол жағы беймәлім, жарнамасы жер жарып тұр бірақ. Және олардың қаржылық айналымына қатысты да сұрақ көп.
Ол осы мәселелерді назарға ала отырып, Үкіметке бірнеше ұсынысын білдірді.
«Банктер «антифрод» жүйесін қосуы керек. Ол қандай да бір адамның жеке деректеріне сырттан қол сұғылған кезде немесе 1 адамның атынан қысқа уақытта бірнеше банкке, микроқаржы ұйымына кредит алуға өтініш тасталған кезде жүйені толық тоқтатады. Азаматтардың несиелік жүктемесіне қарамай кредит берген жағдайлар көп. Адамның айлығы қарыз төлеуге жетпей тұрса да алаяқтар қылмыстық жолмен сол кісінің атына несие алады. Осындай кезде банктер мен қаржылық ұйымдар қайда қарайтыны түсініксіз. Сондықтан несиелік жүктеменің коэфиценттерін қайта қарау керек. Кредит беретін кезде, қарыздың көлеміне қарамастан, адамдардың қаржылық ұйымға өз аяғымен баруы немесе биометриялық тексеруден өтуін міндеттеу керек. Тек смс кодты енгізіп ақша аудару дегенді тоқтату керек. Азаматтардың есепшотындағы ақшаны алаяқтың ұрлағаны, бірақ одан клиент хабарсыз болғаны дәлелденсе банктер сол қаражатты азаматқа өз есебінен қайтарып беруі тиіс. Интернет алаяқтармен күресуге тергеу орындарының неге әлі келмейді, не жетпейді? Толық сараптама жасап жауабын беріңіздер. Қосымшаларда азаматтардың жеке мәліметтерін өңдеуді талап етуді тоқтату керек. Себебі соның салдарынан азаматтардың деректері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жүр», - деді депутат.
Ол сондай-ақ биологиялық белсенді қоспалардың түрілері мен құрамына қатысты қатаң тексеру өткізу керегін айтты. Нартай Сәрсенғалиев елімізде желілек маркетинг арқылы қызмет көрсететін компаниялардың жұмысы қаншалықты заң талаптарына сай екенін анықтап, осы бағытта құқықтық баға беріліп, БАД сататын ұйымдардан жапа шеккен азаматтардың құқығын қорғайтын шаралар қабылдауды талап етті.