Шоудың ашылу сәтінде «80 • 1941–1945» деген жазуы бар жұлдыз пайда болды
Алматыда Жеңіс күніне арналған дрондар шоуын тамашалауға Абай алаңына 60 мыңнан астам адам жиналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігіне сілтеме жасап.
«Шоу өткен Абай алаңына 60 мыңнан астам қала тұрғыны жиналды. Сондай-ақ «Алматы» телеарнасының YouTube-арнасында тікелей эфир ұйымдастырылды», - деп жазылған хабарламада.
Шоудың ашылу сәтінде «80 • 1941–1945» деген жазуы бар жұлдыз пайда болды – бұл ерліктің символы әрі ұлы жеңіс жылдарын еске салатын белгі. Одан кейін аспанда жауынгер каскасы мен қызыл қалампырлар бейнеленіп, соғыста қаза тапқандарға құрмет көрсетілді. Ең әсерлі көріністің бірі – соғыстан оралмаған сарбаздардың рухын бейнелейтін ұшып бара жатқан тырналар композициясы болды.
Көрермендерге Абай алаңында, «Қазақстан» қонақүйі жанында, Caspian University маңында және Абай даңғылы бойында арнаулы алаңдар даярланды. Шоу кезінде қала орталығындағы көлік қозғалысы уақытша шектелді.
Алматыдағы дрондар шоуы Жеңіс күнін атап өтудің жарқын әрі есте қаларлық сәтіне айналды. Шоудың әсерін күшейткен әскери жылдардағы әндер мен патриоттық әуендер әр көріністің эмоциялық қуатын арттырып, көрермендердің көкейіне мақтаныш сезімін ұялатты.