Ақсуат ауруханасына жаңа медициналық жабдықтар жетті
Абай облысы Ақсуат аудандық ауруханасы өңір тұрғындарына алғашқы медициналық–санитарлық, кеңестік-диагностикалық, стационарлық, стационар алмастыратын көмек түрлерін ұсынады. Қазір ауруханаға қарасты 10 дәрігерлік амбулатория, 11 медициналық және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Медициналық мекемеге 17 115 адам тіркелген. 2579 адам жылжымалы медициналық кешен арқылы қаралған. Былтыр ауданда 291 сәби дүниеге келген.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салынып жатыр. Созылмалы бүйрек тапшылығы ауруына шалдығып, есепте тұратын науқастар үшін гемодиализ орталығы ашылды. Аурухана заман талабына сай медициналық техникалар сатып алды. Былтыр Ұлттық аккредиттеу орталығының бағалауынан өтіп, І дәрежелі аккредиттелген медициналық ұйым мәртебесін иеленді», - деп хабарлайды дереккөз.
Ақсуат аудандық ауруханасы биыл заманауи медициналық құралдармен жабдықталып, босану бөлімшесін 2-ші деңгейлі ұйымға айналдыру, лапароскопиялық оталар санын арттыру және ерте диагноз қою жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, мамандардың білімін жетілдіріп, ауруханаға күрделі жөндеу жүреді деген жоспар бар.