340 оқушыға арналған мектепте 1240 бала оқып жатыр
Алматы облысында үш ауысымды 38 мектеп бар. Соның тең жартысы Іле ауданында орналасқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл ауданда 4 мектеп салу көзделген. Құрылыс басталып та кетті. Іле ауданына қарасты Түймебаев ауылындағы №19 мектеп 340 оқушыға арналғанымен, бүгінде 1240 бала білім алуда. Мұндағы оқушылар саны жыл сайын 90-100 балаға дейін артып отыр.
Іле ауданы бойынша өткен жылы 4 жаңа білім ошағының құрылысы қолға алынды. Бұл мақсатқа 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
«Түймебаев ауылындағы мектеп биыл тамыз айында тапсырылады. Қалған мектептер 2021 жылдың шілде, тамыз айында тапсырылады деп жоспарланған. Қараой ауылындағы 900 орындық мектептің құрылысы қазір 20-25%-ке аяқталды. Болашақта бұл ғимарат заман талабына сай жабдықталған озық үлгідегі білім ошағына айналады», - дейді аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Ержан Тұрысбаев.