Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін 500-дан аса қазақстандық Кеңес одағының батыры атанған
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы тойланады. Ел тарихындағы ең ауыр жылдары халқымыз нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Соғыс жылдарындағы ерлігі үшін 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, соның ішінде 4 даңқты жерлесіміз Батыр атағын екі мәрте иеленген. Солардың бірі қостанайлық ұшқыш Иван Фомич Павлов пен ұшқыш-жоюшы Сергей Данилович Луганский, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Иван Фомич Павлов – қан майданда өшпес ерлік көрсетіп, қайсарлығымен ел есінде мәңгі қалған қостанайлық батыр. Ол 1922 жылы 25 маусымда Қостанай облысы, Меңдіқара ауданына қарасты Борис-Романовка ауылында дүниеге келген. Жеті сыныпты тәмамдаған соң, Магнитогорск индустрия техникумына түсіп, сол жерде аэроклубта ұшқыш мамандығына машықтана бастайды. 1940 жылы Орынбор облысының Чкалов қаласындағы авиациялық училищеге жолдама алады. Дәл осы кезде 18 жастағы бозбала әскер қатарына шақырылады.
1942 жылғы желтоқсан айында Иван Павлов Ұлы Отан соғысына аттанып, алғашқы әскери ұрыстарға қатысады. Калинин, Орталық және 1-Прибалтика майдандарында 250-ге жуық әуе шабуылын жүзеге асырып, жеке өзі жаудың 3 ұшағын атып түсірді. Жас ұшқыш шеберлігімен көзге түсіп, ұшқыш, аға ұшқыш, звено командирі, авиаэскадрилья командирі, штурмандар авиаполкінің штурманы секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарған.
1943 жылдың қазанында 127 рет әуеге көтеріліп, майдан даласында ерекше ерлік көрсетеді. Осы ерлігі үшін 1944 жылдың 4 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атағын алады. Бұл қуанышты хабарды естіген қостанайлықтар майданға көмектесу мақсатында 500 мың сом ақша жинап, 4 әскери ұшақ сатып алып береді. Оның бірін Иванға сыйлап, ұшақ қанатына: «Павловқа – қостанайлық жерлестерінен» деген жазу жазған. Бұл жас батырға одан сайын күш-жігер, құлшыныс берді.
Соғыс жылдары қостанайлық жігіт «Ил-2» ұшағына отырып, 237 рет әскери шабуылға қатысады. Тіпті, әуедегі ұрыстардың бірінде жаудың «Ме-109» әскери ұшағын атып түсіреді. Жас офицер 22 жасында Риганы азат ету кезіндегі шайқаста авиациялық полкті басқарып, жаудың 21 танкісін жойып, жауынгерлік шеберлік танытқан. 1945 жылдың 23 ақпанында әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны және ерлігі үшін екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атанды.
Қостанайлық жауынгер Ржев-Сычёв, Великие Луки және Смоленск операцияларына, Беларусь пен Балтық елдерін азат етуге, сондай-ақ Земландиядағы жау тобын жоюға қатысқан. Майданда контузия алған.
Соғыстан кейін Павлов әскери қызметте қалып, Фрунзе атындағы әскери академияны тәмамдайды. Сосын Прикарпатье әскери округінде авиаполк командирі болған. Алайда соғыстан кейін батырдың өмірі күтпеген жерден күрт үзілді. 1950 жылы 12 қазанда 28 жастағы ержүрек ұшқыш Украинада түнгі жаттығу кезінде болған әуе апатынан қаза тапты. Батырдың денесін туған жері Қостанайға әкеліп жерледі.
Сергей Данилович Луганский – ұшқыш, Кеңес Одағының батыры, жазушы. 1918 жылғы 1 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1938 жылы Орынбордағы ұшқыштар мектебін, ал 1949 жылы Мәскеудегі әскери-әуе академиясында білім алған.
1939-1940 жылдары кеңес-фин соғысына қатысқан. 1941 жылдың қазанында майданға аттанды. 1942 жылдың мамырынан 271-авиациялық атқыштар полкінде әскери міндетін атқарады. Ал 1942 жылдың маусым айынан 1945 жылдың наурыз айына дейін 270-ші авиациялық атқыштар полкінің қатарында болды.
1943 жылдың тамызында 270-авиациялық атқыштар полкінің эскадрилья командирі Сергей Луганский 221 рет әуеге көтеріліп, 18 жау ұшағын әрі ұшқыштар тобымен бірігіп, 1 фашист ұшағының көзін жояды. 1943 жылдың 2 қыркүйегінде жаумен шайқаста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алады.
Луганский Оңтүстік, Солтүстік Кавказ, Воронеж, Далалық, 2-ші және 3-ші Украин майдандарында соғысқан. Дондағы Ростовтағы, Курск доғасындағы шайқастарға, Днепрді, Украина КСР-і мен Польшаны азат етуге қатысқан. 1944 жылдың 1 шілдесінде Украина бірінші майданының бас қолбасшысы, маршал Иван Коневтің жеке нұсқауымен «Алтын жұлдыз» медалін иеленді. Ал осы жылдың 1 шілдесінде екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атанды. Бұл уақытта қазақстандық ұшқыш 355 рет әуеге көтеріліп, жаудың 33 ұшағын атып құлатқан. Жалпы соғыс жылдары Луганский 390 рет әуеге көтеріліп, 37 жау ұшағының көзін жойған.
Соғыс аяқталғаннан кейін әскери-әуе академиясын бітіріп, Грозный қаласына қызметке жіберіледі. Ол командирдің ұшу жөніндегі орынбасары, кейін Солтүстік Кавказ әскери округі 42-ші жауынгерлік авиация дивизиясының командирі болды. 1956-1957 жылдары Беларусь КСР-інің Баранович қаласында орналасқан әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің 39-шы жауынгерлік авиациялық дивизиясын басқарды. 1957-1960 жылдары Түрікмен КСР-нің Красноводск қаласындағы 72-ші гвардиялық жауынгерлік авиациялық корпусының командирі болды. 1964 жылы авиация генерал-майоры Луганский запасқа шығарылып, туған қаласына оралады.
Ұлы Отан соғысының ардагері 1977 жылғы 16 қаңтарда 59 жасында көз жұмды. Кеңес Одағының батыры Алматы қаласында жерленген. Ол «Hа глубоких виражах», «Hебо остается чистым» кітаптарының авторы.
Былтыр Талдықорған авиабазасына Сергей Луганскийдің есімі берілген болатын.