Тұтынушыларға сапасыз тауар үшін сатушыға не маркетплейске шағымдану құқығын беру қажет дейді мәжілісмен
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге маркетплейстерден тауар сатып алатын қазақстандықтардың құқығын қорғау туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттық сауалға Қазақстан аумағына «сұр» схемалар арқылы, яғни заңсыз, астыртын әкелінетін контрафактілік өнімдер мен тауарлардың көбеюіне байланысты қалыптасқан қауіпті жағдай себеп болған. Байтілесовтің айтуынша, бұл мәселе қарапайым тұтынушылардың, адал кәсіпкерлер мен мемлекеттің мүдделеріне елеулі зиян келтіріп жатыр.
«Жүргізілген талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, контрафактілік және контрабандалық тауарлардың кеңінен таралуы қолданыстағы заңнамалық базаның, әсіресе сауда саласын реттеуге қатысты бөлігінің, цифрлық дәуір талаптарына сай келмеуімен тығыз байланысты. Қазіргі заңдар интернет-сауданың, маркетплейстер мен әлеуметтік желілердегі сауданың қарқынды дамуын толық қамти алмай отыр. Қолданыстағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасы дәстүрлі бөлшек саудаға бағытталған. Ал қазіргі нарықта тауарлардың едәуір бөлігі онлайн-алаңдар арқылы сатылады. Заңда маркетплейстердің сатушыларға қатысты жауапкершілігі айқын көрсетілмеген. Контрафактілік өнімдер сатылып жатқан жағдайларда тұтынушы мен құқық иесінің заң жүзінде өз құқығын қорғауы қиынға соғады», - дейді депутат.
Оның айтуынша, маркетплейстерде сатушы туралы заңды ақпарат (атауы, мекенжайы, БСН) көрсетілмейтін жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, дәстүрлі бөлшек саудада сатушы заңды атауын және заңды мекенжайын көрсетуге міндетті болса, маркетплейстердегі сатушылар тауар карталарында көбіне тек телефон нөмірі мен фирмалық атауға сәйкес келмейтін атауды ғана көрсетеді.
«Бұл мәліметтердің болмауы сотқа жүгіну мүмкіндігін шектейді. Осыған байланысты маркетплейстерді сатушылар туралы толық ақпаратты жариялауға міндеттеу және тұтынушылар мен құқық иелеріне таңдау құқығын – сотқа не сатушыға, не маркетплейске жүгіну құқығын беру қажет деп санаймыз. Тауар таңбасын пайдалану туралы заңнамалық анықтаманы нақтылап, оны цифрлық орта талаптарына бейімдеу қажет. Қазіргі таңда тауар таңбалары көбінесе заңсыз түрде интернет-дүкендерде, домендік атауларда, әлеуметтік желілерде, сондай-ақ қызмет көрсету барысында кеңінен қолданылады. Құқық иелеріне заңсыз пайдаланылған таңбаларды жоюға, сондай-ақ заңсыз атауларды тіркеуден алып тастауға заңды құқық беру қажет. Мұндай заң тетіктерін енгізу тұтынушыларды жаңылыстырудың жолын кесуге, интернет-алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тауар таңбаларын қорғау және контрафактілік өнімдермен күресудің тиімді механизмдерінің болуы – инвестициялық тартымдылықтың маңызды көрсеткіші», - дейді Байтілесов.
Осы айтылғандарды ескере отырып, депутаттар кәсіпкерлік ортаның сапасын арттыру, интернет желісіндегі сауданы реттеу және контрафактілік өнімді өткізуге қарсы күрес мақсатында тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған мынадай шаралар қабылдау қажет деп санайды: