Қазақстан қалаларында заңсыз құрылыстар дрон арқылы анықталатын болды
Дрон түсірген суреттер қаланың бас жоспарымен салыстырылады

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қаладағы заңсыз құрылысты тоқтату үшін жасанды интеллектінің көмегіне жүгінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің айтуынша, министрлік жасанды интеллектіні пайдалана отырып, бас жоспарды және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын іске асырудан кейінгі бақылау технологиясын пилоттық жоба ретінде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Яғни елді мекендердің аумағын қарау кезінде компьютердің мүмкіндігі қолданылады. Қала аумағын суретке түсіру үшін дрон ұшырылады.
«Алынған нәтижені (жергілікті жердің цифрлық моделі) жүйеде егжей-тегжейлі жоспарлаудың цифрлық жобасымен және бас жоспармен салыстырамыз. Қала құрылысы жобаларына қайшылық фактілері анықталған жағдайда, жүйе мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына қажетті шараларды қолдану үшін хабарлама жібереді. Бұл технология қажетті құжаттарсыз заңсыз құрылысты анықтаудың қосымша құралы болады», - деді Қажкенов Үкімет отырысында.
Пилоттық жобаны биыл аяқтау жоспарланып отыр. Ал 2026 жылы оны заңнамалық тұрғыдан бекіту және өңірлерге тарату қарастырылған.