Абай облысы ауқымды экологиялық акция өткізді

Автор: Бақыт Шынар

Облыстағы аудан халқы талай түп ағаш егіп, мыңдаған тонна қоқыс шығарған

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Абай облысының қалалары мен аудандарында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында кең көлемді экологиялық акция өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Мәселен, дереккөзге сүйенсек, Семей қаласында осы күні бірден екі маңызды экологиялық акция өтті. Қалалық ішкі саясат бөлімі «СОЦKZ» қоғамдық қорымен және еріктілермен бірлесіп, әуежай аумағына көшет екен.

«Сондай-ақ, Семейде «Жастар — Таза Қазақстан үшін» атты акция ұйымдастырылды. Жастар ресурстық орталығы мен «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен 100-ден астам белсенді жастар мен ерікті азаматтар қаладағы аумағы үлкен көшелердің бірінде тазалық жұмыстарына белсене қатысты. Аягөз ауданында өткен жалпыаудандық сенбілікке 7 мыңнан астам тұрғын қатысып, көше, саябақ, өзен жағалауы тазартылып, ағаш егілді», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Аудан әкімінің орынбасары Медет Мырзыкешов аталған шаралардың туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі екендігін атап өтті. Сондай-ақ, ауданда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «80 жылдыққа — 80 ағаш» патриоттық акциясы өтті.

«Ал, Курчатов қаласында Ертіс өзенінің жағалауында «Таза жағалау» акциясы өтті. Оған мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар қоқыстарды жинап, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына назар аудартты. Үржар және Мақаншы аудандары аумақты абаттандырды, көгалдандырды. Үржардағы Балалар саябағында ойын алаңдары қайта қалпына келтіріліп, ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар, «Таза өлке». «Таза жағалау», «Мөлдір бұлақ», «Киелі мекен» акциялары өтті», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ал, Абай ауданында «Тал егу - табиғатты аялау» ұранымен ұйымдастырылған акцияға тұрғындар белсене қатысты. 600-ге жуық тұрғын көшелер мен қоғамдық орындарда 2 000-ға жуық түп ағаш отырғызды. Бір ай ішінде ауданда 1 667 тоннадан астам қоқыс төгілген.

«Мақаншы ауданындағы Алакөл көлінің жағалауында өткен сенбілікке 600-ге жуық адам қатысты. Олар 22 гектар аумақты тазартты. Акцияға 11 ауылдық округтің тұрғындары, жастар мен аға буын өкілдері атсалысты. Бородулиха ауданы да табиғатты қорғау шараларынан қалыс қалмады. Мұнда «Болашақ ұрпақ үшін орманды қоқыстан сақта!» ұранымен орман алқабында сенбілік өтті. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жастар және жергілікті тұрғындар тазалық жұмыстарында бірлесе еңбек етті», - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.