Сайлау комиссияларында мүмкіндігі шектеулі неше адам бар

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазір олардың саны 735 адамға жеткен

Фото: ОСК

Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен ОСК жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы ОСК жанында 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

2022 жылдан бастап ол жаңа ереже негізінде жұмыс істейді және оның құрамы мерзіді түрде жаңарып отырады. Бүгінгі таңда қатысушылардың 70%-дан астамы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, бұл жұмыс тобының қолданбалы бағытын күшейтеді және мүгедектігі бар адамдардың сайлау процесіне нақты қажеттіліктерін есепке алуға ықпал етеді.

Мәжілістің партиялық тізімдерінде кемінде 30%-ы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар құрауы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды конституциялық реформасы аясында заңнамада бекітілген бұл квотаның маңыздылығын ОСК басшысы атап өтті. Бұл норма тізімдерді тіркеу кезінде де, мандаттарды бөлу кезінде де міндетті. 

Ол сондай-ақ бүкіл ел бойынша сайлау комиссияларының мүгедектігі бар мүшелерінің саны 2019 жылғы 455-тен бүгінгі күнге 735-ке дейін ұлғайғанын атап өтті.

«Бұл инклюзивтіліктің жүйелі саясатын бірізді іске асырудың нәтижесі. Дегенмен, әрі қарай даму маңызды. Біз партиялардың сайлауалды бағдарламалары мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына – мазмұны жағынан ғана емес, техникалық жағынан да қолжетімді болуы тиіс деп санаймыз. Ол үшін біз жұмыс тобының мүшелерін сайлауда қолжетімді ортаны кеңейтуге ықпал ететін нақты ұсыныстарды енгізуге шақырамыз», – деді ОСК төрағасы.

Жұмыс тобының отырысында «Шырақ» ҚБ және Парламент Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева қатысушыларды «Шырақ» ҚБ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі және ОСК бірлескен жобасы шеңберіндегі сайлауды ұйымдастырушылар үшін мүгедек адамдардың сайлау құқықтары жөніндегі бейнекурсты әзірлеу барысы туралы хабардар етті. 

«Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ «Павлодар» ҚҚ президенті Снежана Мрыль көру қабілеті бұзылған адамдардың өз бетінше дауыс беруі үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Ол зағип сайлаушыларға басқа бір тұлғаның көмегінсіз ақпарат алуға мүмкіндік беретін көру қабілеті бұзылған адамдар үшін пайдаланушының дыбыстық ескертуі бар NVDA бағдарламасының практикалық қолданылуы туралы айтты. Оның пікірінше, сайлау учаскелерінде осындай технологияларды енгізу сайлау процесінің қолжетімділігін және мүгедек азаматтардың сайлау белсенділігінің деңгейін арттырады. Нұрлан Әбдіров Павлодарда пилоттық режимде қолданылып жүрген осы бағдарламаны сынақтан өткізуді ұсынды. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша аумақтық сайлау комиссиялары оны сайлау процесіне одан әрі енгізу мүмкіндігі туралы ұсынымдар бере алады.