Ұлттық ұлан жауынгерлері 500-ден астам ірі қоғамдық, саяси және спорттық іс-шарада қауіпсіздікті қамтамасыз етті
Биыл Ұлттық ұлан заманауи қару-жарақпен, техникамен, пилотсыз авиациялық жүйелермен және жаңа үлгідегі техникалық құралдармен жарақтандырылмақ. Қазіргі уақытта Ұлан жауынгерлері еліміздің 21 қаласында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, күн сайын 5 мыңнан астам әскери қызметші қызметке жұмылдырылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2024 жылдың алғашқы айларында Ұлттық ұлан мен Полиция департаменттері бірлесіп 3 800-ден астам жауынгерлік міндет орындап, 800-ден аса қылмыскерді ұстады. Сонымен қатар 19 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.
Жедел іс-шаралар барысында 230-дан аса қару, 6,5 мың оқ-дәрі, 9 тоннадан астам есірткі, сондай-ақ 10 жарылғыш құрылғы тәркіленген. «Қарасора» операциясы аясында 15 мыңнан астам өсімдік тектес есірткі бұтасы жойылып, 19 заңсыз егіс алқабы анықталған.
Ұлттық ұлан жауынгерлері 500-ден астам ірі қоғамдық, саяси және спорттық іс-шарада қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Атап айтқанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті, Орталық Азия – Жапония кездесуі, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қоғамдық тәртіп сақталды. Сонымен қатар 15 мыңнан астам құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілген.
Бүгінде ұландықтар еліміздегі 12 стратегиялық және 3 аса маңызды мемлекеттік нысанды күзетеді. Мемлекет тарапынан оларға Өскемен, Курчатов және Степногорск қалаларындағы стратегиялық объектілер мен арнайы жүктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген.
Қылмыстық-атқару жүйесінде де Ұлттық ұлан маңызды рөл атқарады. Олар 40-қа жуық түзету мекемесінде сотталғандарды күзетіп, 32 маршрут бойынша айдауылдау жұмыстарын жүзеге асырады. Сонымен қатар 29 сот ғимаратында сот процесі кезіндегі қауіпсіздік шаралары атқарылады.
Ұлан сарбаздары арнайы операцияларға да қатысады. Қаруланған қылмыскерлер мен трансұлттық ұйымдасқан топтарды құрықтау бағытында 7 мыңнан астам операция өткізілген. Бұл іс-шаралар нәтижесінде 8 мыңнан астам қылмыскер ұсталып, 50-ден астам қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған.