«Ақша ұрлаған алаяқ сот орындаушылары әлі жұмыс істеп жүр»: Бақытжан Базарбек әділет министріне шүйлікті
Министр әрбір сот орындаушыны жеке-жеке тексеруге уәде етті

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек ақша жымқырып, алаяқтыққа барған жеке сот орындаушылары сол күйі лицензиясынан айырылмағанын, жұмысын жалғастырып жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Әділет министрлігінің жұмысын сынға алды.
«Ерлан Жақсылықұлы, жаңа сіз әріптесімнің сұрағына «жеке сот орындаушылары біраз ақша жымқырған, прокурорлар алаяқтық фактілерін анықтаған, осыған байланысты біз біраз сот орындаушының лицензиясын тоқтаттық дедіңіз. Шыны керек, фактілер өте көп – 660 факті. Прокуратураның ұсынымы бойынша 29 сот орындаушы бар екен. Біз әрқайсының сайтына кірдік. Бәрінің сайты бар екен. Жұмыс істеп тұр. Сонда қандай жеке сот орындаушыларын лицензиясынан айырдыңыздар? Прокуратураның 2022 жылғы ұсынымы бойынша Әділет министрлігіне лицензияның күшін тоқтату мәселесін шешу тапсырылған. Үш жыл өтті, ақша ұрлап, алаяқтық жасаған жеке сот орындаушылары бостандықта жүр деп айтқыңыз келіп тұр ма?» - деп ашуланды Бақытжан Базарбек.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев әділет органдары сот орындаушыларын өз бетінше лицзензиядан айыра алмайтынын атап өтті.
«Әділет органдары жай ғана ұсыным енгізеді. Мен сіз айтқан сот орындаушыларын жеке жеке тексеруге дайынмын. Егер әділет органдары тарапынан осындай ұсыным болмаса, онда әділет органдарының лауазымды тұлғалары жазаланады. Егер әділет органдары ұсыным енгізіп, бірақ сот орындаушыларының заңсыз әрекетін сотта дәлелдей алмаса, онда сіздер білесіздер, сот шешімі ел аумағында орындалуға тиіс», - деп түсіндірді министр.