«Екі айда бір рет 2 мың теңге аударады»: депутат борышкер әкелер үшін алимент мөлшерін көтеруді ұсынды
Әділет министрлігі заңнамалық түзету әзірлеп жатыр

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев балаларға төленетін алимент мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз болмауы керек деп санайды. Әділет министрлігі осы бағытта заңнамалық өзгерістерге бастамашы болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, мысалы екі айда бір баласына 2 мың теңге ғана аударатын әкелерге қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмайды. Бұл барып тұрған әділетсіздік дейді ол.
«Осы мәселені шешу үшін алимент бойынша сот шешімін орындау барысында қаражат сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауы керек деп ойлаймын. Балалардың балалық шағы біздің Конституциямен қорғалған, әр баланың күнкөріс деңгейіне құқығы болуы керек, себебі ол да адам. Алимент төлейтіндердің, әсіресе баласын асырағысы келмейтіндердің өз міндеттемелерін жартылай орындау проблемасын қалай шешесіздер?» - деп сұрады Пономарев әділет министрінен.
Ерлан Сәрсембаев алимент өндіру түйткілді және күрделі мәселе екенін атап өтті.
«Бір жағынан біз алимент бойынша берешек борышкерге қатысты мәжбүрлеп орындау шараларын қабылдауға негіз болатынын түсінеміз. Бірақ оның мөлшері заңнамалық түрде шектелмеген. Сол себепті егер борышкер ең төменгі жалақы, яғни 80 мың теңге алса, бір баласына алимент мөлшері төрттен бір бөлігін, шамамен 20 мың теңгені құрайды. Ал бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен екі есе аз», - дейді министр.
Оның айтуынша, Әділет министрлігі бір балаға алимент төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауы үшін заңнамалық түзетулерге бастамашы болған.