Оның айтуынша, тіпті кейбір блогерлер қымбат көлік пен қызыл лентаны да жалға алады
Күнекей Нұрлан есімді лақап атымен танымал қаржыгер Жанар Байсеміздің подкасында өзінің ғылыми диссертациясының аясында Қазақстанда қымбат дүниені несиеге алып, халықты алдап жүрген блогерлерді зерттегенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қоғамның ішкі қаржылық көңіл-күйі тұрақсыз болғандықтан, блогерлер мен әртістер қымбат өмірін қолдан жасап, оларды алдап жүр.
«Адамдардың ішкі дүниесіндегі тұрақсыздығының себебінен блогер, әртіс, инфобизнес өкілдері көбейді. Олардың «хайп» үшін жақсы өмірін көрсетуі - халыққа өз әсерін тигізеді. Мысалы мен блогымда «блогерлердің сіздің қаржыңызға әсері қандай?» деген зерттеу жүргіздім. Алпыс пайызы «кәдімгідей әсер етеді» деп жазды. Ал, менің аудиториям – ойланатын аудитория», - дейді қаржыгер.
Күнекей Нұрлан қазір ғылыми диссертация жазып жатқанын айта келе, блогерлердің қымбат өмірі халыққа қалай әсер етіп жатқанын фактілер арқылы түсіндіріп берді.
«Әсері дегініміз – тез байып кету, бизнес класспен ұшу, әдемі киімге құмарту. Мысалы, шопан бизнес-классқа билет алмастан бұрын, «маған осы бизнес-класстың билеті керек пе?» деп ойлануы керек. Болмаса, мұғалім Gucci-дің аяқ киіміне қызықпас бұрын, «осы туфли маған шынымен керек пе?» деп сыни ойлауы керек. Ал, көп блогер «Esentai Mall» сауда орталығына барып, халықты қызықтыру үшін бренд киімдерді әдейі несиеге алады. Автосалондарға барып, көлік пен ана қызыл бантикті де жалға алады. Бұл – дәлелденген фактілер. Мен диссертациям үшін осы тақырыпты әдейі зерттеген едім. Мен үшін бұл нонсенс болды. Cartier-нің өзін бөліп төлеуге алу дегеніміз - шектен шығу ғой. Бәрі болмаса да дәлелденген фактілер бар. А, бұл халыққа өтірік айтып, оларды алдау. «Мен сияқты бай өмір сүргің келсе, 9 мың теңгеге курсымды алып, ертең-ақ байып кет» дейді. Бірақ, қаржылай тұрақты болу үшін кемі 3-4 жыл уақыт керек. Яғни, адамның ішкі ұстанымы тұрақсыз болғандықтан сыртқы факторлардың әсерінен дұрыс шешім қабылдай алмайды», - дейді ол.