Енді Яндекс пен Индрайверде жұмыс істейтін борышкер әкелер табысын жасыра алмайды
Құмар ойындардан табатын кірісі де анықталады

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев алимент төлеуден жалтаратын борышкер әкелердің жасырын табысы қалай анықталатынын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, борышкерді жұмысқа орналастыру рәсімін автоматтандыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың әлеуметтік мәртебесі туралы қажетті мәлімет алу үшін ақпараттық жүйе Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграцияланады.
«Сонымен қатар, агрегатор-сайттар (яндекс, индрайвер және т.б.) арқылы жұмыс істейтін борышкердің жасырын табысын анықтаймыз. Қазір борышкерлердің өзге де кіріс көздерін анықтау және олардан берешектерді өндіріп алу мүмкіндіктеріне талдау жасалып жатыр. Мысалы электронды әмиян арқылы, букмекерлік компаниялар, бағалы қағаздар сауда биржасынан, криптовалюта операцияларынан, такси қызметтерінен алынған кіріс. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда», - деді Сәрсембаев Мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында.
Сонымен қатар «цифрлық сот орындаушысын» 40 АЕК дейінгі соманы өндіріп алуға қолдану ұсынылып отыр. Бұған қоса жеке кәсіпкерлерден алимент өндіріп алуға қатысты да өзгеріс енгізілмек.
«Конституциялық соттың нормативтік қаулысымен дара кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдардан кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға алиментті есептеу және өндіріп алу туралы заңнамасын жетілдіру мәселесін қарау ұсынылды. Осы қаулыны орындау аясында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске сот дара кәсіпкерлерге алимент мөлшерін тұрақты ақша сомасында айқындауды көздейтін түзетулер әзірленді», - деді министр.
Айтуынша, осы заңнамалық түзетулер қазір депутаттардың қарауында жатыр.