Елордада рәміздер күніне орай авто-мото шеру өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Шеруге 28 автокөлік пен 28 мотоцикл қатысты

фотолар: astana.gov.kz

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекеттк рәміздер күніне орай авто-мото шеру өтті. Шеруге қатысқан 28 автокөлік бен 28 мотоцикл 28 шақырым қашықтықты бағындырды. Одан бөлек, Есіл өзеніндегі катер де рәміздер күніне орай 28 шақырымды бағындырды.

28 саны биылғы рәміздер күнін атап өту үшін бекер таңдап алынған жоқ. Өйткені, осыдан 28 жыл бұрын Қазақстанда Ұлттық рәміздер – Мемлекеттік Ту, Әнұран және Елтаңба бекітілді.

«Бұл шара бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде 28 автомобиль мен 28 мотоциклдің қатысуымен 28 шақырымдық шеру болады», - деді Нұр-Сұлтан қалалық Жастар мәселелері басқармасының «Астана жастары» КММ басшысының орынбасары Аян Ерментаев.

Бірінші кезеңде авто-мото шеру болса, екінші кезеңде шеруге қатысушылар Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай «Отан қорғаушылар» алаңына барады. Онда волонтерлар майдангерлердің ерлігіне тағзым ретінде 75 гүл шоғын қойды.

Үшінші кезеңде Есіл өзенінде суда жүзетін көлік құралдарымен 28 шақырымдық шеру өтті. Рәміздер күнінен арналған шара кешке дейін жалғасып, оған 100-ге жуық қала тұрғыны мен еріктілер қатысты.