«Тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын». Сенатор балалар әдебиетіне қатысты 5 ұсыныс берді
Сенат депутаты балаларға арналған кітаптардың сапасына сын айтты
Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп балалар әдебиетінің бүгінгі жағдайын айтып, Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.
«Балалар әдебиеті - ұлттық мәдениеттің негізін сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты механизмі. Қазақстанда мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он алты жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған тартымды туындылар жетіспейді. Бауыржан Момышұлының «Ертегісіз өскен бала рухани мүгедек адам» деген қанатты сөзі бар. Кембридж тәсілі бойынша, 1-сыныпқа барған оқушының сөздік қоры үш мың сөзге жетуі керек. Ата-анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын?», - деді депутат Нұртөре Жүсіп.
Сенатор балалар әдебиетін дамытуға мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлінбейтінін жеткізді.
«Елімізде жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 2018 жылы 1 миллиард 845 миллион теңгеден астам, 2019 жылы 1 миллиард 101 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде балалар әдебиетіне бөлінгені – тиісінше 89 млн 183 мың және 19 млн 420 мың теңге. 2020 жылға 821 млн 615 миллион теңге бөлу жоспарланса, соның 46 миллионы балалар әдебиетіне арналған. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлесі өте аз. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. Баспа ісі, журналдар балаларға арналған материалдарды қызықты етіп жеткізудің жан-жақты жолын қарастыру керек», - деді сенатор.
Депутат Үкіметке қазақ балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарламасын жасап, аталған шараларды қолға алуды ұсынды.
«Балалар әдебиетін дамыту үшін - балалар драматургиясы, балалар прозасы, балалар поэязиясы деген түрлі бәйгелер мен конкурстар ұйымдастырылып тұру керек. Қуыршақ театрларындағы балаларға арналған репертуар тым жұтаң. Олардың көбісі ересектерге арналған», - деді Н.Жүсіп.
Ұсыныстар:
- «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» республикалық бюджеттік бағдарламасы және «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасының шеңберінде, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға арналған қаражат көздерінен балалар әдебиетін дамытуға арнайы қаржы бөлуді ұсынамыз;
- балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босату қажет;
- Ұлттық мультфильмдер шығару ісінде жекеменшік компанияларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру;
- жергілікті әкімшіліктер «Балалар әдебиеті» бағдарламасын жасап, кітапханалар жаңа кітаптармен толықтырылса дейміз;
- жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін электронды оқулықтарды енгізу қажет. Мұндай кітаптар қолдануға өте тиімді, барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай болғаны жөн;
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан