Киікті атудан бас тартқан жоқпыз – экология министрі

Автор: Нұргүл Абай

Министрліктің есебінше қазір елімізде төрт миллиондай киік бар

Фото: istockphoto.com

Экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктерді атудан бас тартқан жоқ. Қазір ведомство ғалымдардың ғылыми негіздемесін күтіп отыр. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазір Оралдағы Жәңгір хан атындағы университеттің ғалымдары шетелде көп жылдан бері киікпен айналысатын әріптестерімен бірге киік популяциясын реттеу мәселесін зерттеп жатыр.

«Мендегі мағлұмат бойынша келесі аптада олар нақты жауап береді. Олардың жауабын алған соң, біз сіздерге хабарлаймыз. Өткен жылғы мамыр айындағы төлді есептеген кезде бізде 4 миллиондай киік бар. Сол себепті күтейік, келесі аптаның ортасына дейін ғалымдарымыз бір шешімге келеді», - дейді Нысанбаев Үкіметте өткен брифингте.

Осы орайда БАҚ өкілі министрден экология министрлігі киік атудан бас тартты ма, жоқ па, осыны нақтылауды сұрады.

«Атудан бас тартқан жоқпыз. Әзірге президенттің өткенде Қостанайда берген тапсырмасы бойынша тұрмыз. Бірақ бізге ғылыми негіздеме керек, онсыз біз ештеңе жасай алмаймыз. Келесі аптада белгілі болады», - деп жауап берді министр.

Естеріңізге салайық, өткен аптада шаруалар биылдан бастап егістігін киіктерден қорғау үшін мемлекеттен субсидия ала алатынын жазған едік.