Су тасқынының қаупі әлі де бар: СҚО мен ШҚО-ға өзге өңірлердің құтқарушылары жіберілуі мүмкін

Автор: Нұргүл Абай

Су тасқыны оңтүстік пен батыста ғана аяқталған

Фото: ҚР ТЖМ

Елімізде көктемгі су тасқынының қаупі әлі сейілген жоқ. Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаевтың айтуынша, су тасқынының келесі кезеңі Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тұрсынбаевтың айтуынша, оңтүстік пен батыста су тасқыны аяқталды, бұл аймақтардағы елді мекендердің суға кетуіне жол берілген жоқ.

«Өткен аптада еріген қар суы мен көп жауған жаңбырдың салдарынан Ақмола облысындағы тұрғын үйлерді су басты. Қолда бар су өткізу жүйелері мол көлемді суды өткізуге қауқарсыз болып шықты. Бұл жағдай Астана қаласы мен Қарағанды облысынан, министрліктің әскери бөлімдерінен қосымша күштер мен құралдар жөнелтуді талап етті. Азаматтар дереу қауіпсіз жерлерге көшіріліп, кезек күттірмейтін авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Ақмола облысының көлік қатынасы үзілген елді мекендеріне уақытша жол қатынасы ұйымдастырылды, азық-түлік қоры жеткілікті мөлшерде. Қазіргі уақытта жергілікті өзендердегі су деңгейі төмендеп жатыр», - деді вице-министр Үкімет отырысында.

Тұрсынбаев су тасқынының келесі кезеңі Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында күтіліп отырғанын атап өтті.

«Осы өңірлердегі алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Күштер мен құралдар резерві, оның ішінде әскери бөлімдер алдын ала жіберілді. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, күштер мен құралдар қосымша жөнелтуге дайын тұр», - деді ол.

Жалпы су тасқыны кезеңі басталғаннан бері 383 адам эвакуацияланған. 51 мыңнан астам мал қауіпсіз орындарға айдалып, барлығы кері қайтарылды. Автомобиль жолдарын су шайған 176 жағдай мен су жырып өткен 25 учаске тіркелді. Қазір бақылауда тұрған 21 автожол мен су жырып өткен 5 учаске бар, дейді Тұрсынбаев.

Тегтер: