Бюджет тапшылығына байланысты республикалық бюджеттен қаржыландыру қысқарған
Қазақстанда орман қорғау мекемелері утиль алым есебінен жарақтандырылады. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, орман шаруашылықтарын техникамен қамтамасыз ету үшін 2023-2027 жылдарға жалпы қаржыландыру көлемі 68 млрд теңгені құрайды. Бюджет тапшылығына байланысты республикалық бюджеттен қаржыландыру 8,7 млрд теңгеден 3,1 млрд теңгеге дейін қысқарған.
«Министрлік орман қорғау мекемелерін утиль төлем есебінен жарақтандыруды ұсынды. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес орман шаруашылықтарын жарақтандыру мақсатында лизинг арқылы 35 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 15 млрд теңге министрліктің мекемелеріне қарастырылған. Бүгінгі күні жыл басынан бастап 3,7 млрд теңгеге 136 шағын орман патрульдік кешені мен 60 трактор сатып алынды. Құны 11,3 млрд теңгені құрайтын қалған 166 өрт сөндіру машинасы, 27 шағын орман патрульдік кешені мен 15 трактор маусым айының соңына дейін сатып алынады», - деді Нысанбаев Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, облыс әкімдіктері мекемелеріне утиль төлем есебінен лизингке 20 млрд теңге бөлінген. Оған қоса қажетті техниканы сатып алуға жергілікті бюджеттерде 6,3 млрд теңге қарастырылған.
«Осылайша, биыл әкімдіктердің орман шаруашылықтарына жалпы құны 26,3 млрд теңгені құрайтын 186 өрт сөндіру машинасын, 186 шағын орман патрульдік кешенін және 247 тракторды сатып алу жоспарланған. Қабылданған шаралар еліміздің орман өрті ең көп болатын 11 өңірдің орман шаруашылықтарының техникасын жаңартып, оларды 100 %-ке жарақтандыруға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.