Бұған дейін 10 кәсіби талқылау алаңында психологиялық көмек туралы заң жобасы жан-жақты қарастырылған
«AMANAT» партиясының Орталық аппаратындағы «Әлеумет» диалог алаңында «Халықтың психологиялық әл-ауқаты: сарапшылар көзқарасы» тақырыбында сараптамалық талқылау өтті. Шара барысында еліміздегі психологиялық көмектің қазіргі жағдайы сараланып, оны заңнамалық және институционалдық деңгейде жетілдіру жолдары талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, психологтар мен ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері, талдау орталықтары, сондай-ақ сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қатысушылар психология мамандығының кәсіби, этикалық және білім беру талаптарына қатысты мәселелерді көтерді.
«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова Қазақстанда психологиялық қызметтерді заңмен реттеу қажеттігін атап өтті.
«Екі жыл бұрын біз елдегі психологиялық денсаулықты жақсарту мәселесін көтерген едік. Қазір бұл бағытта оң өзгерістер бар. Қазақстанға психологиялық көмек туралы арнайы заң қажет. Құқықтық реттеудің болмауы салдарынан «психолог» атауын арнайы білімі мен кәсіби дайындықсыз адамдар пайдаланып жүр. Қысқа мерзімді курстардан немесе интернеттегі сертификаттарды алып, терең білімі жоқ, кәсіби этиканы білмейтіндерге жұмыс істеуге мүмкіндік туып тұр. Сонымен қатар жекеменшік орталықтар да көбейіп келеді», — деді ол.
Шолпан Каринова психологиялық көмек тек әңгімелесу емес, бұл — адамның ішкі жан дүниесін түсіну екенін атап өтті.
«Егер мұндай көмек кәсіби емес деңгейде көрсетілсе, ол адамға пайдадан гөрі зиян келтіруі мүмкін», — деді партия хатшысы.
Айта кетейік, бұған дейін 10 кәсіби талқылау алаңында психологиялық көмек туралы заң жобасы жан-жақты қарастырылған. 200-ден астам ғалымдар мен тәжірибелі практик-мамандар өз ұсыныстарын білдірген.
Талқылауда психологтардың психодиагностикаға жеткілікті дайын емес екені, әдістемелердің авторларын білмейтіні және кейбір ұғымдарды шатастырып қолданатыны атап өтілді. Тестілерді интернеттен алып пайдаланатын жағдайлар да жиі кездеседі. Бұл салада құзыреттілікті реттейтін нақты механизмдердің жоқтығы бүкіл саланың беделіне нұқсан келтіріп отыр.
«Әрине, білікті мамандар бар, бірақ осындай жағдайлар олардың еңбегіне көлеңке түсіруде», - деді Шолпан Каринова.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, АҚШ, Германия, Финляндия, Канада сияқты елдерде психологтардың жұмысы заңмен нақты реттелген. Сертификатталған мамандардың тізімі бар, олардың кәсіби білімі мен тәжірибесі заңды түрде расталған. Этикалық кодекстер қабылданып, оларды бұзған жағдайда нақты жауапкершілік қарастырылған.
Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Айна Мысырәлімова елімізде кәсіби психологтардың жетіспеушілігін атап өтті. Әсіресе төтенше жағдайларда олардың тапшылығы айқын сезіледі.
«Былтыр төтенше жағдай кезінде психологтардың тапшылығын байқадық. Су тасқыны кезінде өңірлерді аралап көрдік. Сол кезде қиындыққа тап болып, жылап отырған адамдарға көмектесетін психологтар саусақпен санарлықтай ғана болды», - деді депутат.
«Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру Ұлттық ғылыми-практикалық институтының бас сарапшысы Эльмира Әлиева да мамандар тапшылығы салдарынан қоғамда жалған психологтардың көбейіп жатқанын айтты.
«Егер бүгіннен бастап психология мамандарының жұмысын реттемесек, бұл үлкен апатқа алып келуі мүмкін. Базалық білімі жоқтар өз қызметтерін жоғары бағамен ұсынып жүр. Тек Астана қаласы бойынша Kaspi қосымшасындағы хабарландыруларды зерттегенде, сағатына 5 мыңнан миллион теңгеге дейін қызмет көрсететін 365 «психологты» анықтадық. Қызығы — олардың бәрінде сертификаттар бар. Кейбіреуі небәрі 34 сағаттық курс аяқтап, өздерін дайын маман деп санайды»,- деді сарапшы.
Осы мәселелерді шешуге бағытталған заң жобасы бірнеше маңызды аспектіні қамтуы тиіс:
Сонымен қатар, цифрландыру дәуірінде заң жобасы деректерді қорғау, жасанды интеллектпен жұмыс істеу, кибербуллинг, цифрлық тәуелділік және әлеуметтік желідегі манипуляциялардың алдын алу тетіктерін де қарастыруы керек. «AMANAT» партиясы ұсынған бұл заң жобасы әлі де жетілдіріледі.