«Мені Дженнифер Лопес қызықтырмайды» - Ерұлан Жамаубаев әншінің Астанадағы концертіне әдейі бармаймын дейді

Автор: Темірхан Айжан

Америкалық супержұлдыздың Қазақстанға келетіні туралы жаңалықты бұған дейін Үкіметте шенеуніктер талқылаған болатын 

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев Дженнифер Лопестің Астанада болатын концертіне бармайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әдейі бармаймын. Маған қызық емес», - деді ол Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.

Еске салайық, 1 тамызда америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес Қазақстанда алғаш рет концерт береді. Кеш елордалық «Астана Арена» спорт кешенінің сахнасында өтеді. Бұл жаңалық Қазақстанның Үкіметінде талқыланды.

«Астана концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов осы шарадан бюджетке 400 млн теңге тікелей салық түсімдері түсетінін айтты.  Премьер-министр Олжас Бектенов әлемдік деңгейдегі жұлдызды Қазақстанға тартқан «Астана концерт» компаниясын мақтады.

«Біз сізбен бірнеше рет кездесіп, әлемдік жұлдыздарды тарту жоспарыңызды талқылаған едік. Осы жұмыс қолдарыңыздан келгеніне қуаныштымын. Бұл ұзақ жол болғанын білемін. Өйткені осындай концертті ұйымдастыратындар өте жоғары талаптар қояды. Сол себепті бұл жақсы. Қазақстанды осы тектес концерттер үнемі өтетін орынға айналдыру үшін осы жұмысты жалғастыру қажет. Үкімет тарапынан қажетті қолдауды көрсетеміз», - деп сендірді Бектенов.