Әр есептопқа 156 әскери қызметші кіреді
Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа 4 мың әскери қызметкер, оның ішінде 200-ге жуық қыз-келіншек дайындалып жатыр. 7 мамыр 24 есептоп Тәуелсіздік алаңынан жүріп өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астанада өтетін парад үш кезеңнен тұрады. Екінші дүниежүзілік соғысты қоса алғанда, жаяу салтанатты есептоптар әскери шеруге қатыспақ. Ту топтары тәуелсіздік алаңымен жауынгерлік қызыл Туды, Қазақстан аумағында құрылған дивизиялардың туларын алып өтеді. Сондай-ақ қару асынған және соғыс жылдарындағы киім үлгісімен екі салтанатты есептоп жүріп өтеді.
Парадқа дайындық жұмыстары жүктелген құрлық әскерінің бас қолбасшысы Мереке Күшікбаев парадқа дайындық бекітілген жоспар бойынша жүріп жатқанын айтты.
«Күніне 4 сағат дайындалады. Сағат 09:00-де 13:00-ге дейін. Ал тамақтанып болған соң жеке дайындықтар болады. Ал енді парад аяқталғаннан кейін оларға сыйақы қарастырылған. Бұл әскери парадтың 7 мамыр және 9 мамыр мерекелерінен бөлек, әскери-патриоттық маңызы да бар. Жастарды Отанды сүюге шақырады»,- дейді Күшікбаев.
Салтанатты шараға Ұлттық ұланның, төтенше жағдайлар министрлігінің және мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері қатысады. Күніне 6 сағат желдің өтінде сапта тізілген жауынгерлер әскери іс-шарадан соң ақшалай сыйақы алуы да мүмкін. Әрбір салтанатты есептоп 156 әскери қызметшіден тұрады.
Әскери парадта жауынгерлік техника мен авиацияның заманауи үлгілері де көрсетіледі. Техника алаңға шықпас бұрын, арнайы дайындықтан өтіп, тексеріледі.
7 мамырда «Арлан», «Cobra» сауытты дөңгелекті машиналары, «Стрела-10», «ТОР» және БТР-82А, «Алмаз» және «Агат» мобильді кешендері және қару-жарақ пен әскери техниканың басқа да жоғары технологиялық үлгілері паш етілмек.
Ал парадқа қатысатын 200-ге жуық қыз-келіншектің ішіндегі Алматы өңірлік гарнизонының қатардағы жауынгері Назерке Дәулет әскери қызметке 19 жасында келген. Ол парадқа алғаш рет қатысып отыр.
«Ерік-жігердің арқасында 3 жылдың қалай өткенін байқамай қалдық. Әдетте әскер тек ерлерге арналған дейді. Ондай ұғымды көп адам айтып жатады. Бірақ Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды көп әпкелеріміз бар. Солардың ерік-жігерімен Қазақстанымызды әйел адамдар да, ер адамдар бірдей қорғауы керек деген түсініктеміз»,-дейді ол.
Шеру соңында 300 музыканттан құралған біріккен әскери оркестрдің дефилесі өтеді. Олардың ең жасы 18-де болса, ересегі 45 жасқа дейін барады. Парадта ойнайтын туындылар да әртүрлі болмақ.
«Бұл жерде тұрған әскери музыканттардың көбі жоғары оқу бітірген. Сосын арнайы инструменталды колледж бітірген мамандар», - деді Ұлттық ұлан оркесітірінің аға нұсқаушысы Дәурен Мұхамадиев.
Әскери шеруге қатысатын 4 мыңға жуық жауынгер үшін арнайы дала қалашығы жасақталған. 288 шатырдың 103-інде жеке құрам тұрып жатыр. Шатырдың ішінде жеке гигенаны сақтауға және тамақтанауға арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ жауынгерлерге арналған 8 дала моншасы, 11 асхана, медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Сарбаздардың ас мәзіріне жаңа піскен ыстық нан мен май, қарақұмық ботқасы, ыстық шай, көкөніс пен жеміс-жидек кіреді.
Қазіргі бөлімде Қарулы күштердің үш түрі, Арнайы операциялар күштері, Десанттық-шабуылдау әскерлері, теңіз жаяу әскерлері, әскери полиция, бітімгерлік бөлімшесі, әскери қызметші әйелдер қорабы, аумақтық қорғаныс және әскери оқу орындары ұсынылған жиырма үш жаяу парадтық есептоп өтеді деп жоспарланып отыр.
Әуе шеруіне Қарулы күштердің армиялық, майдандық және әскери-көліктік авиациясының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 60-тан астам ұшу аппараттары қатысады.