«Арнайы QR код жасаймыз»: Қазақстанға келетін туристерді енді такси жүргізушілері алдай алмайды

Автор: Нұргүл Абай

Қазір оны қаржыландыру мәселесі қаралып жатыр

Фото: istockphoto.com

Туризм және спорт министрлігі туристер үшін барлық сервисті біріктіретін TravelStan бірыңғай мобильді қосымшасын әзірлеуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, қазір елімізде туристерге арналған бірыңғай экожүйе қарастырылмаған.

«Сондықтан TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасын жасау туралы бастама көтерілді.  Оның негізгі функционалы – жасанды интеллектке негізделген көмекші. Яғни, туристерге қонақ үйді брондау, билеттерді сатып алу, гидтер мен маршруттарды табу, такси шақыруға көмектесетін және басқа да қызметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін қосымша болады», - деді Мырзабосынов Үкімет отырысында.

Осы жоба Цифрлық даму министрлігімен алдын ала келісілген. Енді оны қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Ал әзірге туризм министрлігі туристерге арналған QR код жүйесін енгізуде.

«Кейде туристер келген бетте такси, байланыс, валюта айырбастау сияқты қызметтерден алданып қалып жатады. Оның алдын алу үшін QR код жүйесі жасалды. Оның ішінде такси, электронды СИМ-карта, қонақ үй брондау, негізгі ақпарат пен тіркелу қызметтері жинақталды.  Бұл QR-код еліміздің 4 қаласында, яғни Астана, Ақтау, Түркістан және Шымкент қалаларында орналастырылған. Қазір әуежайлар QR кодтарды орналастыру үшін қосымша қаражат сұрап отыр», -дейді министр.

Мырзабосынов осы тәжірибені кеңінен тарату үшін әкімдіктер мен Көлік министрлігінің қолдауы қажет екенін айтты. QR-кодты барлық әуежайға, вокзалдар мен шекара өткелдеріне орналастыру керек дейді ол.