Астанада ұшақ ішінде стюардесса қызды ұрып, бомба бар деп қорқытқан жолаушы сотталып кетті

Автор: Нұргүл Абай

Адвокат ер адамды бас бостандығынан айырмауды сұраған

Фото: ЖИ жасаған

Астана қалалық соты FlyArystan ұшағының бортында екі адамды ұрып-соғып, бомба бар деп өтірік айтқан жолаушыға шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Анықталғандай, оқиға Астана – Өскемен бағытындағы рейсте болған. Ішімдікке тойып алған ер адам стюардесса қызға күш көрсетіп, оны ұрып-соққан. Осы кезде бір жолаушы борсерікке араша түседі, бірақ әлгі ер адам оған да жұдырық ала жүгіріп, дене жарақатын келтірген. Мас жолаушыны рейстен түсірмекші болғанда ол ұшақта бомба бар деп өтірік айтқан.

Сот үкімімен ер адам терроризм туралы көрінеу жалған хабарлағаны және ұшақ бортында бұзақылық жасағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған.

Адвокат осы үкімге шағым түсіріп, ер адамның жазасын өзгертуді сұраған. Алайда қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқа сотталғанға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

«Оның кінәсі мойындау айғақтарымен, жәбірленушілердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген. Сот актісі заңды күшіне енді», - делінген хабарламада.