Үкімет 39 мыңнан аса отбасыны баспанамен қамтымақ

Автор: Azattyq Rýhy

2020 жылы елімізде 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған

Бұл туралы бүгін халық алдында онлайн түрде есеп берген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.

15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарымен қатар, 39 мыңнан аса отбасыны мемлекеттік қолдау (баспанамен қамту сегментінде - агенттік) шаралармен қамту көзделіп отыр.

«Соңғы 3 жылда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында 36,8 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 330 мыңнан астам пәтер салынды.  Тек былтыр ғана  Қазақстанда 13,1 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайда болған. 116 мың отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік жағдайы төмен 11 мың отбасы және ірі қалаларда жұмыс істейтін 3 мың жас адам әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үймен қамтылды», - деп хабарлайды министрліктің телеграмм-каналы. 

Атамқұловтың дерегіне сүйенсек, биыл салынатын тұрғын үй көлемі 15 млн шаршы метрден асады. Бес ай ішінде осы баспананың ішінен 3,1 млн шаршы метр үй салынып біткен.