Оның қатарында танымал вайнер Мейіржан Төребаев иелік ететін «ЖанПловЛагман» мейрамаханасы да бар
Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин карантин режимін сақтамайтын тамақтану орындарының атын жариялады. Айтуынша, соңғы екі тәулік ішінде қаладағы 153 нысан тексеріліп, тиісті талаптарды елемеген 14 орынның жұмысы тоқтатылды.
Алматы қаласы тюТауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары карантин кезеңінде қызметін қайта бастаған екі мыңға жуық бизнес орындарын тексеріп шыққан. Нәтижесінде, Алматы қаласының Бас санитар дәрігерінің қаулысын бұзып, санитарлық талаптарды орындамай жұмыс істегендерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлімі бойынша 63 хаттама толтырылған.
«Карантинге атүсті қараған орындардың 4-еуі қоғамдық тамақтану объектісі, 3-еуі азық-түлік сауда орны, 4-еуі сұлулық салоны, біреуі азық-түлік емес сауда объектісі, біреуі автосервис объектісі (шиномонтаж), біреуі көшіру орталығы. Кәсіпкерлер көбінесе адамдардың арақашықтығын сақтауды қамтамасыз етпейді, қызметкерлері қорғаныш құралдарын қолданбайды. Мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда», - деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитардың айтуынша, Алматыда банкет, той жасауға рұқсат берілмеген. Ұжымдық отырыстар ұйымдастыруға да болмайды. Ал, карантин ережесін мүлдем ескермеген кафелерге айыппұл салынып, әкімдік өкілдері олардың жұмысын тоқтатқан.
«Мен олардың атын да айтып бере аламын. «Үш терек», «Дильназ», «Шапағат», «Borjomi» және «Пернебай» кафелері. «ЖанПловЛагман» мейрамаханасы, «Шашлычная на Кирова» кафесі. Жангельдинй, 120 а мекенжайындағы «Ажар» сән салоны. «KFC» жылдам тамақтану мейрамханасы. «Аружан» сән салоны», - деген бас санитар Бекшин халықтың өміріне бей-жай қараған өзге де тамақтану орындарын тізіп шықты.
Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын баяндаған Бекшин қала аумағында карантин режимінің сақталуын қатаң бақылау әлі де жалғаса беретінін айтты.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы