42 500 теңге, «ағашка» іздеу және мемлекет әмияны. Қазақстанда неге жемқорлық көп
Бұрынғы сенатор 42 500 теңгені шын мәнінде кімдер алғанын айтып берді
«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының жетекшісі, бұрынғы сенатор, саяси қайраткер Зәуреш Батталова Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді алдын алу шаралары туралы өз ойын айтты.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің шақыруымен сөз сөйлеген Зәуреш Батталова «еліміздің бүкіл бюджеті үлкен бір әмиян десек, ол әмияндағы әрбір теңгенің қайда және қалай жұмсалып жатқанын білуге әрбір қазақстандықтың қақысы бар» дейді. Осы мақсатқа жетсек және елімізде «ағашкаларға» телефон соғып, мәселені шешу» жүйесін толығымен үзсек, Қазақстанда жемқорлық жойылады деп санайды.
МЕМЛЕКЕТТІҢ ӘМИЯНЫ – ХАЛЫҚТЫҢ АҚШАСЫ
«Еуропа елдерінде азаматтар жергілікті болсын, мемлекеттік болсын, әйтеуір, бюджеттің игерілуіне қатты бақылау жасайды. Олар мемлекеттің қаражатын өз ақшасы деп есепейді. Өйткені, бюджеттің негізін қалыптастырып отырған салық төлеушілер. Ал бізде адамдар өз әмиянындағы ақшаны санайды да, мемлекеттің әмиянындағы ақшаны санамайды», - дейді Зәуреш Баталова.
Яғни, Батталованың пайымынша, әрбір азамат жүрген жерінде, мәселен, баласының балабақшасы немесе мектебінде, өзі барып жүрген емханада жөндеу жүріп жатса, соның ақшасы туралы ақпаратты сұрап, білуі керек. Егер құзырлы адам ол ақпаратты беруден бас тартса, бірден сыбайлас жемқорлық органдарына «сигнал жіберу» керек. Зәуреш Батталова бұл ретте сондай өтініштерді қабылдау үшін сыбайлас жемқорлық агенттігімен бірлесіп жасалған интерактивті карта туралы айтты.
«Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» (https://publicbudget.kz/ru) жобасына кез келген адам қатыса алады. Заң бойынша әрбір мемлекеттік немесе жергілікті орган бюджеттің қалай жұмсалып жатқаны туралы толық ақпарат ұсынуға міндетті. Өкінішке қарай, біздің мемлекеттік органдардың көбі «қызметтік құжат» немесе «мемлекеттік құпия» деген сылтауды алға тартады. Бірақ ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі құжаттар ол әрине, басқа әңгіме. Сондықтан әрбір азамат құпияға жатпайтын ақпаратты алуға құқылы. Интерактивті карта соған көмектеседі», - дейді ол.
Анықтама: Ашық бюджеттердің интерактивті картасы (publicbudget.kz) – ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдетуге, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған, ТМД кеңістігіндегі бірегей жоба деп саналады. Ол картаға балабақшадан бастап, әкімдіктер мен министрліктерге дейін өзінің бюджетін жариялап отыруға міндетті (негізінен). Бірақ Батталова атап өткендей, картаға бюджетімді жариялаймын деген мекемелердің саны әлі де аз.
НЕГЕ АЗАМАТТАРДЫҢ КӨБІ 42 500 ТЕҢГЕ ЖӘРДЕМАҚЫДАН ҚАҒЫЛДЫ?
Зәуреш Батталованың айтуынша, мұның бірден бір себебі – құқықтық сауатсыздық. Ал қарапайым халықтың құқықтық сауатының төмен болуына мемлекет кінәлі.
«Мәселен, жуырда төтенше жағдайға байланысты елімізде әлеуметтік осал топтағы адамдарға 42500 тенге төлене бастады. Шын мәнінде, көмекті кім алды? Оны «айласын тапқан», құқықтық сауаты бар азаматтар алды. Бірақ шын көмекке мұқтаж адамдардың көбі ала алған жоқ қой!? Яғни, тұрақты тіркеуі жоқ, жұмысы жоқ, құжаттары теріс, бір сөзбен айтқанда, сауаты жоқ адамдар ала алған жоқ. Құқықтық сауатсыздық – өте үлкен проблема. Ал оларға құқықтық сауаттылықты мемлекет үйретуі керк еді. Сондықтан жемқорлықты жою үшін ең алдымен, халықтың құқықтық сауатын көтеру керек», - дейді Батталова осы бағытта өзі жетекшілік етіп отырған қордың қандай жұмыс атқарып жатқанына тоқтала отырып.
«ҚАЗАҚСТАНДА «АҒАШКАЛАРДЫҢ» ЖҮЙЕСІ ЖОЙЫЛМАЙ, ЖЕМҚОРЛЫҚ ТЫЙЫЛМАЙДЫ»
Батталова қарапайым халық арасында бар тағы бір проблеманы атап көрсетті. Ол – халықтың заңға, депутаттарға деген сенімі, дәлірек айтсақ, сенімнің жоқтығы. Өйткені, елімізде кез келген мәселені заңға сүйеніп емес, телефон қоңырауы арқылы шешуге ғана болады деген түсінік қалыптасқан. Батталова бұл түсінік түп тамырымен жойылмай, елде жемқорлық тоқтамайтынын айтады.
«Бізде заңды дайындайтын депутаттық корпусқа деген сенім жоқ, содан барып, заңның сақталатынына деген сенім жоғалған. Халық «біздің елде заң жұмыс істемейді, басшы не айтса сол болады» деген түсінікпен жүр. Осыдан барып жемқорлық жүйесі тамыр жаяды. Бізде «телефон соғу» жүйесі бар. Мәселені заң жолымен шешудің орнына, «ағашкаға» звондау жүйесі, мәселеңді шешіп беретін «ағашка» іздеу жүйесі... Осының бәрі жемқорлықтың тамыры. Ең сорақысы, бұл кәдімгі қалыптасып кеткен жүйе болып алды. Енді біз одан арыла аламыз ба? Арылу керек. Одан арылу үшін заң сапалы болуы керек. Заң тік және одан ешкім қаша алмайтын болуы керек. Соны құқықтық қатынастардың негізіне айналдыру керек», - деді ол осы бағыттағы мәселелерді қорытындылай отырып.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан