Екі ай үзілістен кейін Нұр-Сұлтаннан шыққан алғашқы пойыз Семейге бағыт алды
1 маусымнан бастап Қазақстанда жолаушылар пойызы қайта қатынай бастады
Бүгіннен бастап еліміздің барлық аймақтарында жолаушылар пойызы қайтадан қатынай бастады. Карантиннен кейін қайта қатынай бастаған елордада алғашқы пойыз Нұр-Сұлтан-Семей бағытын бетке алып, 14:50-де жолға шықты. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі екі ай үзілістен кейін сапарға шыққан пойыз жолаушыларының көңіл-күйін біліп, «Нұрлы жол» вокзалындағы жағдайды байқап қайтқан еді.
Жолаушылар пойызға отыру үшін вокзалға тек жеке қорғаныш құралдары (маска) және жол жүру құжаты (билеті) болғанда ғана жіберіледі, ал шығарып салушыларға вокзал ішіне кіруге тыйым салынған.
Вокзал ғимаратына кіреберісте жолаушылар термометриясы байланыссыз жұмыс істейді. Жолаушылар күту залында 1 метрден кем емес қашықтық сақтап отырғызылуда. Ал теміржол қызметкерлері келген жолаушыларды бетіне маска тағып, қолына қолғап киіп қарсы алады.
Ұзақ үзілістен кейін пойызға билет алып, Алматыға төркіндетіп бара жатқан жолаушылардың бірі - Нұр-Сұлтан тұрғыны Эльмира Жанпейісова.
«Карантин кезінде екі ай үйде жатып, балалар да, өзіміз де әбден жалықтық. Жолаушылар пойызы ашылған бетте нағашыларына бара жатырмыз (күліп). Қуаныштымыз! Вокзал қызметкерлері бізді жақсы қарсы алды, сөмкелерімізді көтерісіп, қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Билет бағасы да қымбаттамаған. Бесеумізге билет құны 35 мың теңгеге шықты. Маскамызды киіп, антисептикалық құралдарымызды сайлап келдік. Енді карантин болмаса деп тілейміз», - дейді ол.
Жолаушыларды шығарып салушылар вокзалға кіре алмағандықтан, қарт кісілердің ауыр жүгін көтерісуге вокзал қызметкерлері көмектесіп жүр.
Коронавирус пандемиясына байланысты екі ай жұмысқа шықпаған вокзал қызметкерлері жолаушыларды қарсы алып, олардың дене қызуын өлшеп, билеттерін тексеруде. Егер температурасы 37 градустан асып кеткен жолаушылар кездессе, оларға арналған карантин бөлмесі де дайын.
Жолаушылар жол үстінде сырқаттанып немесе өзін нашар сезінген жағдайда, барлық мәселелер бойынша вагон жолсерігіне жүгіне алады. Сондай-ақ, жолаушыларға вагон ішінде жүруге болмайды. Пойыздағы мейрамханалар әлі ашылмаған.
Егер жолаушы вокзалда болудың жаңа ережелерін орындамаса, жауапқа тартылатынын да ескеруі тиіс.
Айта кететіні, «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2020 жылдың 15 мамырынан бастап теміржол билеттері сатылымға шыққанын және жолаушылар адамдармен байланысқа түспес үшін, билетті BILET.RAILWAYS.KZ. сайтынан қашықтан рәсімдеуге болатынын ескертеді.
Жолаушылар пойыздары қозғалысының кестесі бойынша барлық анықтамалық ақпаратты «105» нөмірі бойынша біле алады, сондай-ақ жолаушылардан өтініштер мен шағымдар қабылдау үшін тәулік бойы «1433» бірыңғай байланыс-орталығы (стационарлық телефонмен байланысу тегін) жұмыс істеп тұр.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан