$ 503.42  542.08  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алыстағы ағайын және Наурыз: Ұлыстың ұлы күні шекарадан тыс қалай тойланады

Шетелде жүргенде ұлттық құндылықтар арта түседі екен

Алыстағы ағайын және Наурыз: Ұлыстың ұлы күні шекарадан тыс қалай тойланады
Фото: жеке мұрағат

Наурыз – қазақ халқының көктемгі жаңару мен бірліктің символына айналған мерекесі. Бұл мейрам тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қазақтар арасында да кеңінен тойланады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шетелдегі қазақтар Наурызды қалай тойлайды?

АҚШ-та 10 жылдан астам уақыт өмір сүріп келе жатқан Анар Әбдіманап шетелде жүрген қазақтар үшін Наурыздың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Шетелде жүрген қазақтардың қамын тек сол сыртта жүрген қазақтар ғана біледі, түсінеді деп айтар едім. Себебі елде жүргенде Наурыз, өзге де мерекелерге қалыпты түрде қарайтын болсақ, жырақта жүрген қазақ үшін ол өте маңызды. Тіл болсын, салт-дәстүр болсын, ұлттық киімнің қадірі шетелде жүргенде арта түсті», – дейді ол.

АҚШ-тағы қазақтардың өмірі мен дәстүрі уақыт өте келе қалыптасып, ұлттық құндылықтар жаңа деңгейде дамып келеді. Соның ішінде, қазақ отбасыларының балаларына ұлттық тәрбие беру ерекше маңызға ие нәрсе екені байқалады. 

«Мысалы, сол жақта сәбилі болып жатқан отбасылар балаларының тұсауын кесіп, сүндетке отырғызса, ұлттық киім киіеді. Ал Наурыз тойлағанда көбінесе баланың тұсауын кеседі», – дейді Анар Әбдіманап.

Ұлыстың ұлы күні тек наурызда тойланбайды

АҚШ-тың әртүрлі штаттары Наурызды әртүрлі уақытта тойлайды. Әсіресе Чикаго, Нью-Йорк сияқты салқын климатты өңірлерде мереке мамыр айына дейін созылуы мүмкін.

«Күн жылынғанда үлкен павильондарды жалға алып, Наурызды дүркіретіп тойлап жүргенін көріп жүрміз. Қанша жылдан бері түрлі штаттар мерекені осылай қарсы алып жүр. Қазақтардың көбірек шоғырланған штаттарында Наурыз жақсы тойланады. Біз үш жыл қатарынан  «Жібек жолы» деген делегациямызбен барып, қазақы нақышта тігілген киім, бұйымдары бар ауқымды көрмелер ұйымдастырдық», – дейді ол.

Бұл көрмелерде қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын ұлттық өнер мен дәстүрлер кеңінен насихатталады.

«Ол жерде Қара жорға биі, тұсаукесер сынды жоралғылар жасалады. Наурыз көже таратылады. Дәл елдегідей арқан тартыс, асық ойнау болмаса да, павильонда не мейрамхана сынды ғимаратта жиналған шетелдегі қазақтар ұлттық нақыштағы киімін киіп, әшекейін тағып келеді. Елдегіден де жақсы көңіл-күймен барады», – дейді Анар Әбдіманап.

Шетелде Наурыз – тек қазақтардың емес, басқа ұлттардың да мерекесі

Шетелдегі Наурыз тек қазақтардың емес, көптеген этностардың басын қосатын ерекше шараға айналған.

«Жалпы сыртта жүрген кезде «қазақтар мерекеге жиналып жатыр» деген кезде орайын тауып, оған қатысуға тырысамыз. Шетелде тойланатын мерекенің ерекшелігі – егер де қара көз қыздарымыз шетелдіктерге тұрмысқа шықса, шетелдіктер көп келеді. Елдегі өткен Наурызға қарағанда ерекшелігі де сол деп ойлаймын. Себебі сан түрлі ұлт өкілдерін мерекеде кездестіруге болады», – деп бөлісті ол.

Уақыт өте келе АҚШ-тағы қазақтар өздерінің Наурыз тойларын кең көлемде ұйымдастыра бастаған.

«9 жыл бұрын жаңадан барған кезімде қазақтардың Наурыз өткізетінін біле бермейтін едім. Мүмкін, қазақтар аз болған шығар. Көбіне түркітілдес елдердің ортақ Наурызы тойланатын. Сондай мерекеге де бірнеше рет бардым. Қырғыз, өзбек және тәжіктер жиналып, барлығының басын қосып «Наурыз party» өткізетін еді. Қырғызстан мен Өзбекстаннан танымал әншілерді шақыратын. 5-6 жылдан бері қазақтар да Наурызды өте жақсы тойлайды», – дейді Анар Әбдіманап.

Қазақтар Наурызды қалай насихаттап жүр?

Қазақ мәдениетін шетелде кеңінен таныту мақсатында түрлі іс-шаралар өтеді. Сондай жобалардың біріне Анар Әбдіманаптың өзі мұрындық болған.

«Тарихи Тараз-2023» делегациясымен АҚШ-тың үш штатында Наурыз тойлау кезінде көрме ұйымдастырдық. Одан кейін Қазақстанның Тәуелсіздігін тойлағанда үлкен делегациямен барып, осы мерекені Чикагодағы қазақтармен атап өттік. Бұл жолы  адам көп болғандықтан, «Жібек жолы» деп атадық. 2023 жылы Германияның Кельн қаласында Еуропа қазақтарының құрылтайында да көрме ұйымдастырдық. Биыл Сеулда өтетін Азия қазақтарының құрылтайына қатысамыз деп жоспарлап отырмыз. Делегацияны дайындап, сол жаққа барсақ деп отырмыз», – дейді ол.

Анар Әбдіманаптың айтуынша, шетелде жүрген қазақтар үшін ұлттық болмыс пен тілді сақтау өте маңызды.

«Менің ұлым АҚШ-та дүниеге келді. Балабақшаға сол жақта барып, тілі ағылшынша шықты. 2022 жылы елге келіп, баламды түрлі қазақ тобына беріп, қазақ қылып жатқан жайым бар. «Тілі жоғалған ұлт ұлт ретінде жоғалады» деген сөздің жаны бар деп ойлаймын. Сол себепті ұлымның қазақша ойлауына әрекет етіп жатырмыз. Біздің ұлтымызға сай, салт-дәстүрді дәріптегім келеді», – деп бөлісті ол.

Ұлттық мәдениетті шетелде насихаттау мақсатында Анар Әбдіманап кәсіпкерлік саласына да бет бұрған.

«Қазір Алматыда қазақ тілінде оқып жүр. Қазір екі елдің ортасында жүргендіктен, эко-дүкен ашқан болатынмын. Азия қазақтарының құрылтайына құйрық майдан, жылқының саумалынан, шұбаттан, құрттан жасалған түрлі сусабындар апарып, көрмеге қатысуды жоспарлап отырмын», – дейді ол.

Қытайдағы қазақтар Наурызды қалай тойлайды?

Ал Қытайдағы қазақтар Наурыз мейрамын ұлттық дәстүрлеріне сай кеңінен атап өтеді. Мереке алдында қазақтар үйлерін тазартып, жаңартады. Бұл ескі жылдағы жаманшылықтардан арылып, жаңа жылды таза ниетпен қарсы алу дегенді білдіреді. Үйлерін ұлттық ою-өрнектермен, түрлі-түсті маталармен безендіреді.

Наурыз мейрамына арнайы жаңа киімдер тігіп, ұлттық нақыштағы киімдер дайындалады. Бұл жаңа жылды жаңа киіммен қарсы алу дәстүрін көрсетеді.

Жеті түрлі дәм қосылатын Наурыз көже молшылық пен берекенің символы. Оның құрамына ет, бидай, тары, сүт, су, тұз және май сияқты өнімдер кіреді.

Қытайдағы қазақтар негізінен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында тұрады. Ата-анасы Шыңжан-Ұйғыр автономиясында, өзі Бейжіңде тұратын қандас Сәнияның айтуынша, жылда ата-анасы Наурыз меркесін ауыл адамдарымен бірге тойлайды. 

«Таңертең ерте халық бір-бірімен көрісіп, «Наурыз құтты болсын!» деп тілек айтады. Бұл дәстүр адамдар арасындағы достық пен бірлікті нығайтады. Сосын жасы үлкен ақсақалдар жастарға ақ батасын беріп, жақсы тілек тілейді. Қазақтар бұл күні дастарқан жайып, бір-бірін қонаққа шақырады. Бұл қонақжайлылық пен бірліктің белгісі», - дейді ол.

Қытайдағы қазақтар Наурыз мейрамын ұлттық дәстүрлерін сақтай отырып, кең көлемде атап өтеді. Бұл мереке олардың мәдениетін, тілін және салт-дәстүрлерін сақтауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, Наурыз мейрамы қазақтардың бірлігін, татулығын және қонақжайлылығын көрсететін ерекше мереке.

Қытай үкіметі этникалық азшылықтардың мәдениетін қолдай отырып, олардың дәстүрлі мерекелерін атап өтуіне жағдай жасайды. Бұл қазақтардың өз мәдениетін сақтап, дамытуына мүмкіндік береді.

Ал Қытайда білім алып жүрген қазақ студенттері Орталық Азия елдерінен келген түркі тілдес жастармен қосылып, Наурыз күні әр елдің ән айтып, ұлттық биін билейді. Сондай-ақ сол елдерге ортақ тағам Наурыз көже пісіреді.

Шетелдегі қазақтар үшін Наурыз тек көктем мерекесі ғана емес, ұлттық болмысты сақтаудың маңызды құралына айналып отыр. Наурыз мерекесі арқылы қазақ мәдениеті өзге елдерде кеңінен насихатталып, ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеу жалғасып келеді.

Серіктес жаңалықтары