«Жұмысшы мамандықтар жылы»: Қостанайдағы оқушылар автомобиль құрастырудың қыр-сырын меңгерді

Автор: Бақыт Шынар

Экскурсияға Қостанай қаласындағы №8 орта мектептің бір топ оқушысы қатысқан

Фото: партияның баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Қостанай облыстық «AMANAT» партиясының филиалы оқушыларға автомобиль көлігі колледжіне экскурсия ұйымдастырды. Іс-шара Наурызнама мерекелік онкүндігі барысында өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Дәстүр бойынша бұл кезең жаңару, бірлік және ұрпақтар сабақтастығына арналады. Осындай кездесулер жастарға болашақ мамандығын таңдауда жаңа мүмкіндіктер ашады. 

«Наурыз – жаңару мерекесі, ал осы жаңарудың негізінде ұрпақтар сабақтастығы мен мәдени дәстүрлердің байланысы жатыр. Оқушыларға еңбекке және дамуға деген ұмтылысты сіңіре отырып, оларға өнеркәсіптік прогрестің заманауи үлгілерін көрсету арқылы біз ата-бабаларымыздан қалған дәстүрді жас буынға жеткіземіз», – деді партияның өңірлік филиалының кеңесшісі Айтөре Тұрсын. 

Экскурсияға Қостанай қаласындағы №8 орта мектептің 60-қа жуық оқушысы қатысты. Басты мақсат – техникалық мамандықтардың маңыздылығын түсіндіру, оқушыларға кәсіби бағдар беру. Іс-шара барысында жастар колледж тарихымен танысып, оның заманауи шеберханаларын аралады. Мұнда оларға автомобиль құрастырудың негіздері көрді. Оқушылар үшін ең қызықты сәттердің бірі – жүк көліктерінің құрастыру процесін тамашалау болды. Оқушылар КамАЗ қозғалтқышының жұмыс істеу қағидаты, техникалық ақауларды диагностикалау және қосалқы бөлшектерді ауыстыру туралы толық мәлімет алды. 

Өндіріс орнына алғаш рет барған 10-сынып оқушысы Айбек Омаров автомобиль өнеркәсібіне қызығушылығы артқанын айтты. 

«Мен әрдайым көліктерге қызығатынмын, бірақ оларды жинау осыншалықты күрделі әрі қызықты екенін білмеппін. КамАЗ-дың қозғалтқышын қалай орнататынын көргенде, өзім де бірдеңе құрастырып көргім келді. Әрине, мектептен кейін осында оқуға түсіп, техникамен жұмыс істеп, пайдалы іспен айналысқым келеді», – деді ол.