«Депутаттар басшылыққа алады»: Бейсенбаев Ұлттық құрылтайда президент жүктеген тапсырмалар жайлы айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол барлық міндетті біріге орындау маңызды дейді

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Бурабайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен төртінші Ұлттық құрылтайда айтылған мәселелер төңірегінде пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

«Мемлекет басшысы осы кезге дейін атқарылған істерді қорытындылап, алдымызға бірқатар маңызды міндеттер қойды. Олардың қатарында салық жүйесін жетілдіруге жеке тоқталып, заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізуді тапсырды. Мұны алдағы жұмыс барысында депутаттар басшылыққа алады. Жаңа ақпараттық технологиялардың қарқын алуына орай қазіргі таңда интернет-алаяқтық белең алып алып отыр. Сол сияқты жалған психологтар мен «коучтардың» да көбейіп, қарапайым халықты сарсаңға түсіріп жүргені жасырын емес. Президент бұл мәселеге де мән беріп, құқық қорғау органдары мен депутаттарға осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуді жүктеді. Бұл – өте орынды көтерілген мәселе деп білеміз», - дейді Бейсенбаев.

Депутат кинотеатрларда шығатын фильмдердің мазмұны мен сапасы да президент назарынан тыс қалмағанын айтты.

«Жасыратыны жоқ, соңғы кезде түсірілген отандық фильмдердің арасында сапасы сын көтермейтін, тілі дүбәра, әдепсіз көріністерден көз сүрінетін, қатыгездікті, зорлық-зомбылықты насихаттайтын кинолар да кездесіп қалады. Ол өскелең ұрпақтың санасына теріс әсер ететіні сөзсіз. Мемлекет басшысы бұл мәселеге де ден қойып, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастыруды айтты. Елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуде шекара маңындағы елді мекендерді сақтап, дамытудың маңызы зор. Осыған байланысты Amanat партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы осы бастаманы қолдап, Үкіметке депутаттармен бірге бұл ұсынысты мұқият қарастыруды тапсырды. Бұл да – еліміздің қауіпсіздігі мен шекара маңындағы өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне серпін берер оң қадам», - дейді ол.

Мәжіліс депутаты қазіргі кезде әлем төртінші өнеркәсіптік революцияның алдында тұр дейді.

«Озық елдер цифрландыруға, жасанды интеллект технологиясын дамытуға жаппай кірісіп жатыр. Жаңа заманның көшінен қалмау үшін еліміз де жүйелі жұмыстарды қолға алуы керек. Алқалы жиын барысында Мемлекет басшысы алдымызға қойған маңызды міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындау – ел дамуының кепілі. Сондықтан президентіміз айтқандай, «алдағы уақытта да осылай береке-бірлікте болып, еліміздің болашағы үшін маңызды жұмыстарды бірге атқара береміз», - дейді ол.