Айтуынша, Арқалықтан Қостанайға бару үшін жолаушылар 6-7 сағат жол жүруге мәжбүр
Президент Қазақстанға келетін туристердің санын арттыру мақсатында еліміздегі көрікті мекендер туралы ақпараттарды цифрландыруды тапсырды. Бұл шын мәнінде өте қажет ұсыныс. Осылай деп пікір білдірді AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Аружан Сарсенбаева, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, шетелге шыққан кез-келген адам ғаламтордан мемлекет туралы ақпаратты көбірек алса, сол елдің қауіпсіздігіне деген сенімі соншалықты артады.
«Бүгін Ақмола өңірінде Ұлттық Құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Осы съезде Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан тарихын тереңірек зерттеп, жаңа тарихи деректерді тауып, азаматтарға дұрыс насихаттау бағытына аса көңіл бөлді. Яғни, осы жұмыс арқылы азаматтар арасында өз мемлекетіне деген оң көзқарасты нығайту, патриотизмді дамытуға болады. Сонымен қатар, өзге елдерден келетін туристердің санын арттыру үшін біздің көрікті орындар туралы ақпаратты цифрландырып, халықаралық тілдерде ақпараттандыруды ұлғайтуды тапсырды. Бұл расында да пайдасын тигізетін ұсыныс, себебі өзіміз де шет жақтарға шыққан кезде, біріншіден, өңір туралы ақпаратпен ғаламторда танысамыз. Ең көп және ашық ақпаратты көрген сайын баратын елге деген сенім ұлғая түседі», - деді ол.
Аружан Сарсенбаева Қостанай облысы үшін ең керемет жаңалықтың бірін атап өтті.
«Қостанай облысы үшін жақсы жаңалықтардың бірі - Торғай, Арқалық өңірлерінен Батысқа қарай жаңа жолдарды ашу, бұл жолға кететін уақытты қысқартады. Сонымен қатар, Арқалық қаласындағы әуежайды жөңдеуден өткізу жергілікті халыққа көрсетілетін үлкен мүмкіндік дер едім. Қазір облыстағы жалғыз әуежай Қостанай қаласында орналасқан. Арқалықтан Қостанайға бару үшін жолаушылар 6-7 сағат жол жүруге мәжбүр. Сондай-ақ Қостанай қаласында салынып жатқан KIA шетел автомобиль компаниясының ашылуы да мемлекеттің өнідірістік, кадрлық дамуына үлкен серпін тигізеді. Оның ашылуы биылғы жылға жоспарланған», - деді Аружан Сарсенбаева.
Оның сөзінше, мемлекет басшысының көтерген тақырыптары қарапайым халықтың мәселелерін шешуде рөлі зор.
«Біз - жастар, мемлекеттік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер бола отырып, еліміздің дамуына жаңа серпін беретін шаруаларды сапалы істеуге атсалысатын боламыз», - деді ол.