Депутаттың айтуынша, оның қолында корпоративте жүргендердің видеосы да, фотосы да бар
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов театр өнерінің қазіргі жағдайы туралы комитеттің отырысында өңірлердегі театр ғимаратында кешкі корпоративтер өтетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өңірлердегі театр ғимаратының қалпын айтпағанда, Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры ашық түрде кіреберісін кешкі корпоратив кештерге жалға береді. Ол ақша қайда кетіп жатыр? Кіммен келісім жасалып жатыр? Неге Абай театрында кешкі сағат 6-дан түнгі сағат үшке дейін жеке кештер өтеді? Қандай заңға негізделген?», - деді Ринат Зайытов.
Депутат қай күні кімнің кеші болғанын дәлелдеп бере аламын дейді. Яки, қолында видео, фотосуреттер бар.
«Елдегі жалпы театрлардың қызметін жақсарту, кадрларды даярлау аса маңызды. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет театр мен мәдениет үйлерімен бірге жұмыс істеуі керек. Сонда ғана біз халықтың мәдени қажеттілігін қанағаттандыра аламыз», - деді Зайытов.