20 өңірден 120 әйел келген
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық маслихат депутаты Қалыйма Жантөреева әйелдер саяси өмірге қалай араласып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру арқылы әлеуметтік, экономикалық жағдайларды жақсартуға болатынын айтады. Себебі бұл бағыттардың барлығы бір-бірімен байланысты.
«Егер саяси жағдай тұрақты болса, әлеуметтік жағдай да жақсы болады. Экономика сосын барып қалыптасады. Бүгін 20 өңірден 120-ға жуық әйел келіп отыр. Әйелдер қанатының жетекшілері де бар. Бәрі де өз идеяларын ала келген. Өңірлердегі проблемаларды өзектілігіне қарай талқылайды»,- дейді Жантөреева.
Оның айтуынша, «Томирис» жобасында әлеуметтік мәселеге қатысты жобалар қозғалады.
«Саяси трибунаға шығатын әйелдер осылай іріктеліп жатыр. Әңгімелесе отыра, талқылай отыра әйелдер тұлға ретінде өседі, дамиды. Олардың мәселесі үндес болуы мүмкін. Міне, осындай мәселелерді шешу арқылы әйелдер белсенді бола түседі. Қоғамға өз үлесін қосады»,- деді Қалыйма Жантөреева.