Екі күнге созылған іс-шарада бірқатар мәселе талқыланады
Елордада «Tomiris» жобасының қатысушылары мен «AMANAT» партиясының әйелдер қанатының мүшелері көшбасшылардың кездесуінде бас қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлерден келген көшбасшы әйелдер екі күн бойы панельдік сессияларға қатысып, маңызды гендерлік мәселені талқылайды.
Жиында сөз алған «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек ең алдымен әйелдерді келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтады.
«Баршаңызды келе жатқан 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Партияның белді әрі беделді жобаларының бірі - «Tomiris». Үш жылда жобаға 120-ға жуық адам қатысты. Оның ішінде 35-і мәслихат депутаты болып отыр. Жобаның негізгі көздеген мақсаты- әйелдердің саяси көшбасшылығын қалыптастыру»,- деді Дәулет Кәрібек.
Оның айтуынша, партия жанынан жобаның жалғасы ретінде әйелдер қанаты жасақталды.
«Оның аясында да біраз ауқымды жұмыстар істелді. Елде алғаш рет психологиялық қызмет туралы заңның жобасы әзірленді. Алғаш рет бюджет саласында гендерлік бюджеттендіру термині енгізілді. Бұл партия мен белсенді әйел азаматтардың жемісі деп ойлаймын»,- деді Дәулет Кәрібек.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Қаринова партия әйелдер мәселесін жүйелі түрде көтеріп келе жатқанын айтты.
«Осы шақырылымдағы депутаттар әйелдер мәселесіне қатысты 22 депутаттық сауал жолдады. Қабылданған заңдардың да нәтижесін көріп отырмыз. Әйел мәселесіне қатысты 18 заң жобасы іске асты»,- деді Қаринова.