Ауыл мұғалімдерінің айлығы қаладағы ұстаздардан көп болып шықты

Автор: Аягөз Құрмаш

Мамандардың жалақысы заңға сай өскен

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда 400 мыңға жуық педагог қызмет етеді. Соңғы бес жылда олардың жалақысы айтарлықтай көбейген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Педагогтердің жалақысы қалай артты?

2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 100%-ға көбейді. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы мамандарға 30-35% үстемеақы қосылды.

Мұғалімдерге қандай үстемеақылар қарастырылған?

«Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, жалақыға қосымша үстемеақылар төленеді:

  • Педагог-шебер – 50%
  • Педагог-зерттеуші – 40%
  • Педагог-сарапшы – 35%
  • Педагог-модератор – 30%

Сонымен қатар, мұғалімдерге академиялық дәрежесі, тәлімгерлік етуі, спорттық сабақтар өткізуі үшін қосымша төлемдер беріледі.

Ауылдық жерлердегі мұғалімдерге қалалық әріптестеріне қарағанда 25%-ға жоғары жалақы төленеді.

2024 жылы 1 мөлшерлеме (16 сағат) бойынша орташа жалақы:

  • Қала мұғалімдері – 352 мың теңге
  • Ауыл мұғалімдері – 435 мың теңге
  • Егер мұғалім 1,5 мөлшерлеме (24 сағат) жұмыс істесе, орташа жалақысы 581 мың теңгеге дейін жетеді.

Мұғалімдерге ақшалай сыйақылар беріле ме?

Қазақстан – білім саласындағы жетістіктер үшін ақшалай марапат беретін санаулы елдердің бірі.

2023 жылы 89 мұғалім мемлекеттік сыйақы (3,6 млн теңге – 1000 АЕК) алды.

Марапатталғандар қатарында Еңбек ерлері, "Үздік педагог" байқауының жеңімпаздары бар.